Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкес шегірткелерден қорғау мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Биыл жалпы көлемі 26,3 мың гектар аумақты өңдеу жоспарланған. Бүгінде 47 мың гектар жер зерттеліп, шегіртке таралу қаупі жоғары аймақтар айқындалған. Атап айтқанда, Қараспан және Қажымұқан ауыл округтері «зиянкестердің шоғырлану қаупі жоғары нүкте» ретінде белгіленіп, алдын алу шаралары күшейтілген. Сондай-ақ, зиянкестермен күрес жұмыстарына 10 дана техника жұмылдырылған.
Осы орайда аудан әкімі Азат Оралбаев аталған аймаққа арнайы барып, техникалардың дайындығымен танысты. Жауапты сала өкілдеріне қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізіп, жұмысты жедел бастау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, аудан басшысы өзге де зиянкестер көп шоғырлануы мүмкін аумақтарды да назардан тыс қалдырмауды ескертті.



