Бүгінде Түркістан қаласындағы су айдындарында қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімдігінің дербес бөлімдері, Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен «Тұран Су» МКК қызметкерлерінің қатысуымен қала аумағындағы су айдындарына мониторинг жүргізілді. Атқарылған жұмыстар барысында АТК каналы, Қарашық өзені, сондай-ақ саябақтардағы жасанды көлдер мен субұрқақтар аумағы тексерілді. Аталған шараның негізгі мақсаты — жаз мезгілінде су айдындарында орын алуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Аралау барысында жауапты мекемелерге бірқатар тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, суға түсуге тыйым салынған қауіпті аумақтардағы ескерту белгілерін жаңарту және олардың санын арттыру. Сондай-ақ, АТК каналы мен Қарашық өзені бойында қауіпсіздік қоршауларын орнатуға орындарды белгілеу тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.



