Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін инфрақұрылым саласын дамыту аса маңызды екенін атап өткен болатын. Президент әсіресе елді мекендердегі жолдардың сапасын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мемлекет алдындағы негізгі міндеттердің бірі екенін айтқан-ды. Бүгінде осы бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде Абай ауылында атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарын айтуға болады.
Келес ауданының орталығы саналатын елді мекенде жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда ауылдың бірқатар негізгі көшелерінде орташа жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, Б.Қырғызалиев көшесінде жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары басталып, арнайы техника мен жұмыс күші жұмылдырылған. Құрылыс барысында жолдың ескі қабаты алынып, тегістеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасалады.
Сонымен қатар, жоба аясында Ә.Жылқышиев гүлзары, Абылай хан, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова және Құрылыс көшелерін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Бұл көшелерде де жол жабындысын жаңарту, жиектастар орнату және инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, ауылішілік көшелерді жөндеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, А.Омаров, Қ.Сәтпаев, Т.Бегманова және Ынтымақ көшелері мен өзге де ішкі жолдарды жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл жұмыстар алдағы уақыттарда кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Айта кету керек, жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын 120 көшесі бар Абай ауылында қазіргі таңда жолдардың 92 пайызы асфальтталған. Қалған көшелерді де жаңарту арқылы аудан орталығының жол инфрақұрылымын толықтай жетілдіру көзделіп отыр.
Қорыта айтқанда Келес ауданында қолға алынған жол жөндеу жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, көлік қатынасын жеңілдетуге және ауылдың сәулеттік келбетін жаңартуға бағытталған. Мұндай игі бастамалар елді мекендердің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қоспақ.



