Былтыр облыста 43 арнайы шомылу орны жұмыс істесе, 2026 жылы олардың санын 53-ке дейін арттыру жоспарлануда. Аталған орындарда құтқару бекеттері, медициналық пункттер және қоғамдық қауіпсіздік бекеттері жұмыс істейді. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Дәурен Жүсіпов мәлімдеді.
«Шомылу орындары жеткіліксіз елді мекендерде биыл 376 дана каркасты-модульді бассейн орнату жоспарланған. Қауіпсіздік талаптарын бұзу деректері бойынша 2025 жылы 151 жеке тұлғаға 2 078 062 теңге, ал 6 кәсіпкерлік нысанына 235 920 теңге айыппұл салынған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы судағы түрлі оқиғалар салдарынан 55 адам қайтыс болған, оның ішінде 25-і балалар. Қайғылы жағдайлардың 82%-ы каналдар мен арықтарда тіркелген. Облыс аумағында 15 мың шақырымнан асатын 3 мыңнан астам суару каналдары бар. Олардың едәуір бөлігі елді мекендер арқылы өтеді. Осыған байланысты 2026 жылы 135 шақырым канал бойына қоршау орнату, 1750 тыйым салу белгісін қою және 101 бейнебақылау жүйесін қою жоспарланған. Сонымен қатар, балаларды жүзуге үйрету және қауіпсіздікті арттыру мақсатында коммуналдық және жеке бассейндермен меморандум түзіліп, әлеуметтік осал топтағы балаларды аптасына екі рет тегін шомылдыру көзделіп отыр» — деді спикер.



