Жалпы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жобаларды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ауыл шаруашылығын әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын үнемі айтып келеді. Бүгінде Түлкібас ауданында да кәсіпкерлік саласында жаңа бастамалар қолға алынып, балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Осыған орай аудан әкімі Асқар Естібаев және аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев округтерді аралау барысында Ақбиік ауылдық округінде болып, жаңадан қолға алынған бірнеше балық шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты.
Алдымен, аудан басшысы кәсіпкер Жанарыс Тәңкішовтың балық өсіру бағытындағы жобасын көрді. Кәсіпкер өзіне тиесілі 1,5 гектар жер телімінде форель балығын өсіру мақсатында арнайы қазаншұңқырлар қазып, оларды бетондау және қажетті инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуде. Жобаны жүзеге асыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастаған.
Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта тоғандарға 15 мың шабақ жіберіліп, жылына 6–7 тоннаға дейін өнім алу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңірдегі балық шаруашылығының дамуына серпін беріп қана қоймай, нарықты жергілікті өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің жұмысымен танысқан аудан әкімі Асқар Естібаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілген несиені тиімді пайдаланып, балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жобаның сапалы әрі жоспарлы жүзеге асуына баса назар аудару керектігін жеткізді.
Сапар барысында аудан басшысы «Тау форель» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Аталған шаруашылық та «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, бүгінде инкубациялық цехты іске қосқан. Кооператив құрамында 15 адам болғанымен, қазіргі таңда 6 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Шаруашылықтағы инкубациялық цехта бүгінде 100 мың шабақ пен 100 мың уылдырық өсірілуде. Сонымен қатар, сыртқы бассейндерде 30 мыңға жуық балық өсіріліп жатыр. Жалпы балық өсіруге арналған 23 арнайы бассейн дайындалған. Су көзі ретінде табиғи бұлақ суы пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, бұл форель балығын өсіруге қолайлы жағдай қалыптастырады.
Кооператив алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, балық өнімдерін өңдеу бағытын дамытуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, балықты өңдеп, кептіріп, дайын өнім ретінде нарыққа шығару көзделген. Мұнда толық өндірістік цикл қарастырылған. Яғни, уылдырықтан бастап шабақ өсіру, оны тауарлы балыққа айналдырып, кейін дайын өнім ретінде саудаға шығару жүйесі жолға қойылмақ. Қазіргі таңда шаруашылықта 15 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, аудан басшысы округте жаңадан қолға алынған тағы бір балық шаруашылығы нысанында болды. Кәсіпкер Балқыбек Үсібалиев 1,2 гектар жер аумағына 8 тоған қазып, оларға 15 мың форель шабағын жіберген. Қазіргі таңда мұнда балық өсіру жұмыстарын жүйелі жолға қою бағытында қажетті шаралар атқарылуда.
Аудан әкімі Асқар Естібаев кәсіпкерлермен кездесуде балық шаруашылығы аудан экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, қолға алынған жобаларды кезең-кезеңімен дамытып, өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін жеткізді.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары Түлкібас ауданында балық шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлер саны артып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану нәтижесінде бұл сала алдағы уақытта аудан экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналуы әбден мүмкін.



