Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын нығайту және ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде елді мекендерде заманауи медициналық нысандар салынып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Түлкібас ауданындағы Жанұзақ ауылында қолға алынған. Қазіргі таңда елді мекенде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Жаңа медициналық нысан бір мезгілде 15 адамға дейін қабылдауға арналған. Ғимарат алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Жанұзақ ауылында 241 тұрғын тұрады. Жаңа медициналық пункттің ашылуы әсіресе ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық болмақ. Себебі енді тұрғындар алысқа бармай-ақ, өз ауылында медициналық көмек алып, қажетті тексерулерден өте алады.



