Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Үкімет бекіткен қаулыға сәйкес 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде облыста тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделсе, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға арттыру жоспарланып отыр. Аталған межелер балық шаруашылығы саласын кешенді дамытуға, өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыруға және әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал етуге бағытталған.
Балық шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 2026 жылға акваөсіру саласын субсидиялау үшін 500 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен аквашаруашылық саласындағы инвестициялық салымдар бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 144 млн теңге қаралған. Бұл қолдау шаралары салаға инвестиция тартуға және кәсіпкерлердің өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы жұмыстар Сауран ауданында да қарқын алып келеді. Жақында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жаңадан іске қосылған балық шаруашылығы жобаларының жұмысымен танысты. Ауылдағы кәсіпкерлік бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр.
Ауданда жүзеге асырылған алғашқы ірі жоба – 1,2 гектар аумақта орналасқан балық өсіру кешені. Жоба аясында алғашқы өнім алынып үлгерген. Мұнда 2 миллион уылдырық салынып, 500 мың шабақ өсіру жоспарланған. Қазіргі таңда өсірілген сазан балықтары Түркістан және Кентау қалаларының нарығына шығарылуда. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттырып қана қоймай, өңір тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
Ал екінші жоба аясында 3 арнайы тоғанда бекіре және сазан балықтары өсірілуде. Қазіргі уақытта алғашқы өнім нарыққа жол тартқан. Кәсіп иелері алдағы уақытта жылына 20 тоннаға дейін балық өндіруді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға және ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ.
Жалпы екі жоба аясында 5 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров балық шаруашылығын дамыту ауыл экономикасын әртараптандыруға, халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды бағыт екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша, балық шаруашылығы – табиғи ресурсты тиімді пайдаланып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік беретін табысты салалардың бірі. Сондықтан, бұл бағыттағы жобаларды көбейту арқылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылады.



