Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы ауылдардың әлеуетін арттырумен тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды.
Бүгінде осы бағдарлама аясында Ордабасы ауданында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2019-2025 жылдар аралығында аудан көлемінде жалпы құны 10 миллиард 887 миллион теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде, елді мекендердегі жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым жүйелері жақсарған.
Жоба алғаш қолға алынған 2019 жылы Темірлан елді мекенінде 11 көше жөнделіп, аудандық мәдениет үйінің ғимараты абаттандырылды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға және қоғамдық кеңістіктердің келбетін жақсартуға мүмкіндік берді.
Ал, 2020 жылы Бадам ауылы, Төрткүл ауылы және Темірлан ауылдарында 29 көше жөнделіп, бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтті. Жаңартылған жолдар тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп, ауылішілік инфрақұрылым сапасын арттырды.
2021 жылы ауданның 8 елді мекенінде 36 көше жөнделді. Сонымен қатар, Төрткүл ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл спорт нысаны ауыл жастарының бұқаралық спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап отыр.
2022 жылы 7 елді мекенде 6 көше орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ Қызылжар ауылында газ жүйесінің құрылысы жүргізіліп, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту бағытында маңызды қадам жасалды.
Ал, 2023 жылы ауданның 11 елді мекенінде жалпы ұзындығы 28,5 шақырымды құрайтын жол жөнделді. Бұдан бөлек, Темірлан, Бадам және Қажымұқан ауылында жаңа спорт кешендерінің құрылысы басталды. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етуде.
2024 жылы 8 елді мекенде 12,3 шақырым жол жаңартылып, бірнеше ауылда жаңа спорт кешендері ел игілігіне берілді. Ал, 2025 жылы 7 елді мекенде 27 көше жөндеуден өтіп, Қажымұқан ауылында мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Шұбар ауылы мен Темірлан елді мекенінде жаңа спорт нысандарының құрылысы жүргізілді.
Жалпы алғанда, 2019-2025 жылдар аралығында Ордабасы ауданында 179 көше, яғни 113,3 шақырым жол жөнделіп, ондаған әлеуметтік және спорт нысандары жаңғыртылды. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, елді мекендердің заманауи келбетін қалыптастыруға да оң ықпал етуде.



