Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту – экономиканы әртараптандырудың басты бағыттарының бірі екенін және ең алдымен, ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етуіміз қажеттігін айтады. Бұл міндетті жүзеге асыруда Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарының маңызы ерекше.
Бүгінде Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы көшбасшы өңір саналады. Еліміздегі барлық жылыжайлардың 72 пайызы осы өңірде орналасқан. Бұл көрсеткіш облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін және көкөніс өндірісінде маңызды рөл атқаратынын аңғартады.
Қазіргі таңда өңірде жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 62,5 гектар аумақты қамтитын 17 өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай және 944,2 гектар жерге орналасқан 3 503 фермерлік жылыжай бар. Бұл шаруашылықтар жыл бойы халықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп, облыс экономикасының дамуына да елеулі үлес қосып келеді.
Өткен жылы Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілген. Соның нәтижесінде маусымаралық кезеңде республика халқының көкөніс өнімдеріне деген сұранысының 45 пайызы қамтамасыз етілді. Бұл – өңір диқандары мен жылыжай иелерінің еселі еңбегінің нәтижесі.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар тиімді қолдау тетіктері іске асырылуда. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау шаралары қолға алынған. Мемлекеттік қолдау аясында өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 миллион теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 миллион теңге көлемінде субсидия төленуде.
Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді. Мұндай қолдаулар аграрлық сектордағы кәсіпкерлердің жұмысын жандандырып, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беруде.
Дегенмен, салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Қазіргі таңда отандық жылыжай шаруашылықтары сыртқы нарықтағы бәсекелестіктің күшеюіне байланысты елеулі қиындықтарға тап болып отыр. Әсіресе көршілес Өзбекстан, Түрікменстан және Иран мемлекеттерінде көкөніс өнімдерін өндіру құнының төмен болуы ішкі нарықтағы баға бәсекесін күрделендіруде.
Сарапшылардың айтуынша, аталған елдерде мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен қолданылатындықтан, олардың өнімдері нарыққа төмен бағамен шығарылады. Ал өндірістік шығындардың жоғары болуы отандық жылыжай иелерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Соның салдарынан кейбір кәсіпкерлер қызанақ өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр.
Бұл жағдай жылыжай кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізуде. Егер мәселе жүйелі түрде шешілмесе, өндіріс көлемінің қысқаруы, инвестициялық белсенділіктің төмендеуі және жұмыс орындарының азаюы секілді қауіптер туындауы мүмкін. Соған қарамастан, Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Жалпы алғанда, жылыжай шаруашылығы – Түркістан облысының экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық бағыттардың бірі. Сондықтан саланы қолдау мен дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, отандық өндірушілердің әлеуетін арттыруға басымдық берілуі тиіс.



