Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, бұқаралық спортты қолдау және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент өз сөзінде балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін заманауи нысандардың қолжетімді болуы ұлт денсаулығын нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өткен болатын.
Жақында Мақтаарал ауданында тағы бір маңызды әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Ауданға қарасты Өркен ауылында заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылу салтанаты өтіп, тұрғындардың қуанышына себеп болды. Ауыл халқы көптен күткен нысанның пайдалануға берілуі, әсіресе, балалар мен жастар үшін үлкен мереке болды. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, тұрғындарды жаңа спорт және демалыс алаңының ашылуымен құттықтады.
Өз сөзінде Бижан Шералыұлы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, шағын ғана Өркен елді мекенінде бүгінде халыққа қажетті негізгі инфрақұрылым толық қалыптасқан. Ауылда мектеп пен балабақша жұмыс істейді, тұрғындар табиғи газбен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, жол мәселесі де өз шешімін тапқан. Ал, жаңа спорттық нысанның іске қосылуы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жаңа мүмкіндік бермек.
Жаңа кешен бірнеше бағыттағы нысандардан тұрады. Атап айтқанда, ауыл жастары үшін заманауи талаптарға сай қоршалған кіші футбол алаңы салынған. Алаң жасанды көгалмен жабдықталып, кешкі уақытта да пайдалануға қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесі орнатылған. Бұл жастардың жыл бойы спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасайды.
Сонымен қатар, кешен аумағында волейбол алаңшасы да қарастырылған. Бұл әртүрлі спорт түрлерімен айналысатын тұрғындардың қызығушылығын арттырып, бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді.
Балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысын ұйымдастыру мақсатында ойын алаңшасына заманауи ойын құрылғылары орнатылған. Мұнда сырғанақтар, әткеншектер мен түрлі ойын элементтері орналастырылған. Сонымен бірге, дене шынықтырумен айналысуға арналған жаттығу құрылғылары қойылып, тұрғындар үшін арнайы воркаут алаңы жасақталған.
Кешеннің аумағы толық абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Демалушылар үшін орындықтар мен көлеңкелі шатырлар орнатылып, тұрғындардың жайлы уақыт өткізуіне барлық жағдай жасалған. Мұндай инфрақұрылым нысандары ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қоғамдық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа спорт және балалар ойын алаңының ашылуы ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бос уақытын пайдалы өткізуіне жол ашады. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіз ортада ойнап, жан-жақты дамуына жағдай жасайды.



