Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз етуде өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартудың маңыздылығына үнемі тоқталып келеді. Президент өз Жолдауларында өндіріс орындарын көбейту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын арттырудың стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылып, нақты нәтижелерін көрсетуде.
Мәселен, Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды жобалар қолға алынған. Соның бірі – Ақбұлақ ауылдық округінде салынып жатқан заманауи өндірістік парктер кешені.
Қазіргі таңда ауылдық округ аумағында бес өндірістік парктің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 900 миллион теңгені құрайды. Өндірістік нысандардың жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болса, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін 1,9 гектар жер телімі бөлінген.
Жоба өңірдегі өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан өндірістік парктерде кәсіпкерлік субъектілернің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай қарастырылмақ.
Жоспарға сәйкес, өндірістік парктер толық іске қосылғаннан кейін 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл аудан тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін ашып қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң ықпал етеді.
Өндірістік парктердің басты ерекшелігі – олардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуында. Мұнда түрлі бағыттағы өндіріс орындарын орналастыру көзделіп отыр. Нәтижесінде, жергілікті кәсіпкерлер өз өндірістерін дамытуға мүмкіндік алып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады.
Сонымен қатар, өндірістік алаңдар заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл кәсіпкерлердің өндірістік қызметті тиімді ұйымдастыруына, шығындарды азайтуына және өнім сапасын арттыруына мүмкіндік береді. Мұндай жағдайлар жаңа инвесторларды тартуға да қолайлы орта қалыптастырады.
Жоба толық жүзеге асқан жағдайда Сайрам ауданының инвестициялық тартымдылығы артып, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашылады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты дамуына, бюджет кірістерінің ұлғаюына және халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына ықпал етпек.



