Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында сапалы жол мен заманауи көлік жүйесі өңірлердің экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыратынын атап өткен болатын. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінде Түркістан қаласында да қарқынды жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда қала аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 3 шақырым бөлігінде жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Маңызды халықаралық бағыттағы жолдың сапасын жақсарту мақсатында құрылыс жұмыстары түнгі мезгілде де тоқтаусыз жалғасуда.
Жоба аясында жолдың ескі асфальт жабындысы толықтай алынып, оның орнына заманауи талаптарға сай қиыршық тас-мастикалық асфальт бетон жабыны төселуде. Мамандардың айтуынша, бұл технология жолдың беріктігін арттырып, ұзақ мерзім сапалы қызмет етуіне мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта арнайы техника мен жұмысшы топтар бірнеше ауысыммен еңбек етуде. Жөндеу жұмыстарын сәуір айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының Сауран секторында орналасқан Ә.Жангелдин көшесінде де ауқымды жол құрылысы жүргізілуде. Аталған көшеде бұрынғы екі жолақты жолдың орнына қазіргі заман талаптарына сай төрт жолақты автомобиль жолы салынуда.
Жоба аясында көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су ағызу науалары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар мен арнайы веложолақтар салынуда. Жаңартылып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 600 метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, жобаны сәуір айының соңына дейін толық аяқтау көзделген.
Түйіндей келгенде айтарымыз, қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары Түркістанның заманауи әрі қолайлы шаһар ретіндегі келбетін қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық автодәліздің сапасын жақсарту транзиттік әлеуетті арттырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізбек.



