Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналуға тиіс екенін атап өтіп, экспортқа бағытталған ірі өндірістерді көбейтудің маңызын бірнеше рет айтқан болатын. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Солардың бірі ретінде Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде салынып жатқан 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенін айтуға болады. «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында қолға алынған бұл мега-жоба өңірдегі агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Кешен толық қуатына шыққан кезде еліміздегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ.
Қазіргі таңда заманауи фермада 30 мыңға жуық ірі қара бордақылануда. Жоба «ақылды ферма» қағидатына негізделіп, өндірістің барлық кезеңі автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Кәсіпкер Сырым Ертаевтің айтуынша, малды күтіп-бағу, азықтандыру, ветеринарлық бақылау және өндірістік процестер толық цифрландырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі артып, өнім сапасы жоғары деңгейге көтерілген.
Бүгінде кешенде өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда. Алдағы жоспар – Түркия нарығына шығу. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, қазақстандық ет өнімдерінің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 миллиард теңге бөлінсе, жаңбырлатып суару техникаларын сатып алуға 1,5 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаралған. Ал, екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен тартылған.
Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылып отыр. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа қажетті азық мөлшері автоматты түрде есептеліп, тұрақты бақылау жүргізіледі. Мұндай тәсіл малдың тез салмақ қосуына, аурулардың алдын алуға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, фермада экологиялық және санитарлық талаптарға ерекше көңіл бөлінген. Әр сектор таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қалдықтарды шығару жүйесі толық автоматтандырылған. Мал кең әрі ашық алаңда еркін бағылады. Бұл олардың табиғи физиологиялық жағдайын сақтап, стресс деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Нәтижесінде, сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік туып отыр.
Бүгінде шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсірілуде. Мал азығымен толық қамтамасыз ету мақсатында 4710 гектар алқапқа жемшөп дақылдары егілген. Кешен тәулігіне 50 мың басқа дейін 500 тонна жем беруге қауқарлы.
Жоба толық іске қосылған кезде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізуде.
Қорыта айтқанда, мұндай ауқымды жобалар Түркістан облысының аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін береді.



