Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру ең алдымен инфрақұрылымның дамуына байланысты, әсіресе, елді мекендердегі жол мәселесі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін әрдайым айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес өңірлерде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі бүгінде Ордабасы ауданында атқарылып жатыр. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың Төрткүл ауылдық округі тұрғындарымен өткен есеп беру кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлер кезең-кезеңімен іске асуда. Атап айтқанда, Төрткүл ауылдық округіне қарасты Елшібек батыр ауылына баратын аудандық маңыздағы автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары қарқын алған. Қазіргі таңда жолдың бірінші қабаты толық төселіп, құрылыс жұмыстарының сапасы талапқа сай жүргізілуде. Бүгінде мердігер мекеме тарапынан жолдың екінші қабатын төсеуге дайындық жұмыстары атқарылып жатыр.
Жол құрылысының сапалы жүргізілуі ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау ісі де оңтайланып, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптасады.
Ұзақ уақыттан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келген мәселенің шешімін табуы елдімекен халқының көңілінен шықты. Жергілікті тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ауыл инфрақұрылымының жақсара түскенін атап өтуде.
Ордабасы ауданында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, ел игілігі жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.



