Халықты сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерде инженерлік желілерді жаңғырту, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Айталық, Сауран ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, Шаға ауылдық округіне қарасты Бершінтөбе елді мекенінде электрмен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ елді мекен тұрғындары және мердігер мекеме мамандарымен кездесу өткізіп, жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуының маңыздылығын атап өтті.
Жоба Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы жүзеге асырылуда. Жоспарға сәйкес, Бершінтөбе елді мекеніндегі 70 абонент сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, қуаттылығы 250 кВА болатын жаңа трансформатор орнатылып, 4600 метр электр желісі толық жаңартылады. Бұдан бөлек, 123 дана бетон бағананы орнату жұмыстары қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде инфрақұрылымдық жобалардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.
– Халықты тұрақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан елді мекендердегі инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Әрбір жоба тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталуы қажет, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін Бершінтөбе елді мекеніндегі тұрғындардың электр қуатын пайдалану сапасы артып, жарықпен қамту тұрақтылығы қамтамасыз етілмек.



