Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға тікелей байланысты екені белгілі. Ел Президенті өңірлерде өндірістік аймақтарды дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуге ерекше назар аударып отыр.
Бүгінде Сарыағаш ауданында осы бағыттағы жүйелі жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев жұмыс кестесіне сәйкес аптасына екі рет «Өндірістік парк» аумағына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстап келеді. Сонымен қатар, өндірістік аймақта құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысуда.
Қазіргі таңда өндірістік парк аумағында бір кәсіпкерлік нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын күйге жеткізілген. Ал, тағы төрт нысан бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Мердігер мекемелер мен кәсіпкерлер белгіленген жоспарға сәйкес жұмыстарды жүйелі жүргізуде.
Өндірістік аймақтың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, инженерлік желілер тарту, аумақты абаттандыру және кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау шаралары кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жаңа өндірістік аймақтың іске қосылуы аудан экономикасына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл бастама өңірге инвестиция тарту көлемін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпалын тигізбек.
Аудан басшылығы өндірістік парк аумағындағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Алдағы уақытта мұндай өндірістік жобаларды көбейту арқылы ауданның өндірістік әлеуетін арттыру көзделуде.



