Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында отандық кәсіпкерлікті дамытуға және шағын бизнесті қолдауға ерекше назар аударып келеді. Президенттің айтуынша, жергілікті өнім өндірісін дамыту — ел экономикасын әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етудің маңызды бағыты. Сондықтан, мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау арқылы ұлттық экономиканы нығайтуға басымдық беріп отыр. Түркістан өңірінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып, ұлттық өнер мен кәсіпкерлікті ұштастырған ауқымды жобалар қолға алынуда.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында өтіп жатқан халықаралық іс-шара аясында ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеген ерекше көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Түркі тілдес мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер мен мәдениет өкілдері бас қосқан шарада ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып, отандық өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Көрме аясында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары да белсенділік танытты. Жоба өңірдің ерекшелігін айқындайтын бірегей тауарларды дамытуға бағытталған. Кәсіпкерлер ұлттық нақыштағы өнімдерін ұсынып, келушілерге жергілікті өндірістің мүмкіндігін таныстырды.
Солардың бірі – Бақтияр Сұлтанбекұлы. Отырар ауданынан келген кәсіпкер көрмеде сублимацияланған табиғи өнімдерін таныстырды. Заманауи технология негізінде дайындалған өнімдер табиғи дәмі мен құнарлылығын жоғалтпай ұзақ сақталуымен ерекшеленеді. Әсіресе, табиғи жеміс-жидек пен көкөністерден дайындалған өнімдер көрме қонақтарының қызығушылығын арттырды.
Кәсіпкердің айтуынша, сублимация әдісі арқылы өнім құрамындағы пайдалы дәрумендер мен табиғи қасиеттер толық сақталады. Бұл – қазіргі таңда дұрыс тамақтануға мән беретін тұтынушылар үшін тиімді әрі сапалы өнім түрі. Сонымен қатар, мұндай технология ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында еңбек етіп жүрген Бақтияр Сұлтанбекұлы ұлттық брендті қалыптастыруға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі саналады. Оның өнімдері өңірдің табиғи ерекшелігін танытып қана қоймай, отандық өндірістің жаңа бағытта дамуына жол ашып отыр.
Шара барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдері кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып, жергілікті брендтерді дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Палата тарапынан кәсіпкерлерге оқыту, маркетингтік қолдау көрсету, өнімдерді нарыққа шығару және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында тұрақты қолдау көрсетілуде.
Мұндай халықаралық деңгейдегі көрмелер жергілікті кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасып қана қоймай, өз өнімдерін шетелдік нарыққа таныстыруға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі кәсіпті дәріптеуге жол ашып, өңір экономикасының дамуына серпін беруде.



