Дәстүрлі өнерді жаңғырту ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды тетігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ұлттық мәдениетті сақтау, қолөнерді дамыту және отандық кәсіп пен өнерді қолдауға ерекше мән беріп келеді.
Жақында Түркістан қаласында ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеген халықаралық көрме ұйымдастырылды. Түркі тілдес мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері бас қосқан бұл шара ұлттық құндылықтарды насихаттап, дәстүрлі өнердің заманауи келбетін көрсетуге мүмкіндік берді.
Көрмеге Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қолдауымен қатысқан жергілікті шеберлердің жұмыстары көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Қолөнер шебері Жаннат Пазилбекова көрмеде ұлттық нақыштағы тоқымадан жасалған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Шебердің ерекше туындылары қазақы сән мен дәстүрді үйлестіре отырып, ұлттық ою-өрнектің терең мағынасын айшықтайды. Тоқыма бұйымдарындағы әрбір өрнек ұлттық дүниетанымды бейнелеп, қазақ халқының қолөнер мәдениетінің бай мұрасын дәріптейді. Көрмеге келушілер Жаннат Пазилбекованың еңбектеріне жоғары баға беріп, оның шығармашылығына ерекше қызығушылық танытты.
Жаннат Пазилбекова – ұлттық қолөнерді дамытуға және оны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға атсалысып жүрген шеберлердің бірі. Оның еңбектері өңір мәдениетін танытып қана қоймай, дәстүрлі өнердің жаңа қырын көрсетуге жол ашуда.



