Жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті өнім өндіруі ел экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға да жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту, отандық өндірісті қолдау және ұлттық брендтерді қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан жобалар бүгінде өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында өтіп жатқан халықаралық іс-шара аясында ұлттық өнер мен мәдениетті ұлықтаған ерекше жәрмеңке ұйымдастырылды. Түркі тілдес мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер мен этномәдени ұйым өкілдері бас қосқан көрме ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отандық өнімдерді кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Аталған көрмеге Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары да белсенді қатысты. Жоба аясында өңір кәсіпкерлері өздерінің бірегей әрі сапалы өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, келушілердің ерекше қызығушылығына ие болды.
Солардың бірі – Бахыт Ибраев. Кентаулық кәсіпкер жәрмеңкеде ұлттық тағам өндірісіндегі шұжық өнімдерін таныстырды. Табиғи әрі сапалы өнімдерімен танылған кәсіпкер ұлттық тағам өндірісін дамытуға өзіндік үлес қосып келеді. Көрме қонақтары кәсіпкер ұсынған өнімдердің дәмі мен сапасына жоғары баға беріп, отандық өндірістің мүмкіндігіне қызығушылық танытты.
Кәсіпкердің айтуынша, өнім дайындауда табиғи шикізат пен сапаға басымдық беріледі. Бұл тұтынушылар сұранысын арттырып қана қоймай, ұлттық тағам өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлер дәстүрлі тағам түрлерін заманауи технологиямен ұштастырып, нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығаруға күш салуда.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылған мұндай көрмелер өңір кәсіпкерлерінің әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті өнімдерді кеңінен танытып, ұлттық брендтердің қалыптасуына жол ашады.
Шара барысында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы өкілдері кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып, өңірде шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Палата тарапынан кәсіпкерлерге оқыту, маркетингтік сүйемелдеу және өнімді нарыққа шығару бойынша тұрақты қолдау көрсетіліп келеді.
Жалпы мұндай халықаралық деңгейдегі жәрмеңкелер ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестер табуына және отандық өнімдердің танымал болуына зор ықпал етуде.



