Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында аграрлық саланың маңызын айрықша атап өтіп, ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйвері болуы тиіс екенін үнемі назарда ұстап келеді. Бүгінде Түркістан өңірінің еңбекқор диқандары Президент жүктеген міндетті табысты жүзеге асырып, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Соның бір дәлелі ретінде Жетісай ауданында пісіп жетілген алғашқы қауындардың Ресей нарығына жөнелтіле бастауы.
Биыл Жетісай ауданында 79,2 мың гектар суармалы жер игерілуде. Оның ішінде 44 мың гектарға мақта шиті себілсе, 17,1 мың гектар алқапқа бақша дақылдары орналастырылған. Сонымен қатар, 7,5 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,7 мың гектарға көкөніс, ал 6,4 мың гектарға жоңышқа егу жұмыстары жүргізілген. Бұл ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.
Қазіргі таңда өңірде егілген қауындардың алғашқы өнімі пісіп, шаруалар экспорттық нарыққа жол ашуда. Солардың бірі – бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев. Оның жетекшілігіндегі «Әл-Фараби» шаруа қожалығы биыл да өнімін өзгелерден бұрын нарыққа шығарып үлгерді.
Шаруашылық иелігіндегі 300 гектар жердің 260 гектарына мақта егілсе, қалған 40 гектарына қауын көшеті отырғызылған. Қожалық төрағасы биыл «Нұр-Бакинка» сортын таңдап, алғашқы өнімін жинауды бастап кеткен. Ақпан айының соңында егілген көшеттер жоспарланған 65 күнде емес, көктемдегі жауын-шашынның көп болуына байланысты шамамен 80 күнде пісіп жетілген.
Дегенмен, табиғаттың қолайсыздығына қарамастан, өнім сапасы жақсы. Қазіргі таңда жетісайлық қауындарға сұраныс жоғары. Әсіресе, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспорт көлемі артып отыр. Шаруалар өнімдерін ешқандай делдалсыз, тікелей егістік басынан келісін 650 теңгеден сатып, жүк көліктеріне тиеп жөнелтуде.
– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Соған қарамастан сұраныс өте жақсы. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су каналдарының уақытылы тазалануының нәтижесінде су тапшылығын сезінбедік. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Өнімді делдалсыз өзіміз тиеп жөнелтіп отырмыз, – дейді аталмыш қожалық төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.
Айта кетейік, биыл аудандағы 17,1 мың гектар бақша алқабының 14,2 мың гектарына қауын, ал 3 мың гектарына қарбыз егілген. Өткен жылы 16,9 мың гектар жерге бақша дақылдары орналастырылып, оның 13,9 мың гектары қауын, 3 мың гектары қарбыз болған еді. Нәтижесінде, аудан бойынша жалпы 510 мың тонна өнім жиналған.
Жалпы Жетісайдың табиғи-климаттық жағдайы бақша өнімдерін өсіруге өте қолайлы. Сондықтан, аудан қауын-қарбыз өндірісі бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Биыл да шаруалар мол өнім алуға үмітті болып отыр. Әзірге алғашқы нәтиже жаман емес.



