Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен киберқауіптердің күшеюі түркі мемлекеттері арасындағы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруді талап ететінін атап өтті. Президенттің айтуынша, цифрлық қауіпсіздік пен инновациялық даму – бүгінде стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі.
Президент Габалада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде цифрлық даму және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты бірқатар маңызды бастама көтергенін еске салды.
– Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық мониторинг және Цифрлық инновациялар орталықтарын құруды ұсындым. Бұл орталықтар Ұйымға мүше мемлекеттердің өсіп-өркендеуіне цифрлық тұрғыдан тың мүмкіндіктер береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру қажеттігін де атап өтті. Президенттің пікірінше, мұндай құрылым мүше мемлекеттердің цифрлық кеңістіктегі осал тұстарын анықтап, инфрақұрылымға төнетін қауіптердің алдын алуға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы жаңа кеңес аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің тиісті органдары жедел ақпарат алмасып, өзара үйлесімді жұмыс жүргізе алатынын жеткізді. Бұл бастама ортақ цифрлық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, заманауи технологиялық сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге мүмкіндік береді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан аталған бастамалар бойынша нақты тұжырымдамалар әзірлеп, оларды Ұйымға мүше мемлекеттердің қарауына жолдаған.
– Аталған нақты шаралардың бәрі де елдеріміздің ортақ мүддесіне сай келеді. Сондықтан осы бағытта тиімді әрі белсенді әрекет етеміз деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



