Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық геосаяси ахуалдың күрделеніп, халықаралық тұрақсыздықтың күшейіп отырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, әлемдегі өзгермелі жағдай түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды талап етеді.
– Біз халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы дәуірді бастан өткерудеміз. Әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп барады. Қарулы қақтығыстар, соғыстар толастар емес. Мұның бәрі әлем экономикасына кері әсер етіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әсіресе Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың салдары көршілес аймақтарға да әсер ете бастағанын атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі алмағайып кезеңде түркі халықтарының бірлігі мен өзара қолдауы айрықша маңызға ие.
– Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы түркі елдері бүгінгі заман талабына сай экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты күшейтіп, ортақ мүдде жолында күш біріктіруі қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, өзара сенім мен бірлескен әрекет түркі мемлекеттерінің тұрақты дамуына және халықаралық беделінің артуына негіз болады.
Сарапшылардың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықтың тереңдеуі аймақтық экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға мүмкіндік береді.



