Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Түркістан қаласының тарихи әрі рухани маңызына ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, бүгінгі Түркістан – тамыры терең тарих пен заманауи дамуды сабақтастырған, түркі әлемінің рухани орталығына айналған шаһар.
– Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент алқалы жиынды Түркістанда өткізудің басты мақсаты – атажұртта бауырлас мемлекеттердің көшбасшыларымен жүздесу және қайта түлеген көне шаһарды әлемге таныту екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанның тарихы терең болғанымен қатар, болашағының да жарқын екеніне сенім білдірді. Оның айтуынша, шаһардың рухани, мәдени және туристік әлеуеті алдағы уақытта одан әрі арта түседі.
Мемлекет басшысы осы мүмкіндікті пайдаланып, Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіттің ашылғанын ерекше ризашылықпен атап өтті.
– Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін. Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мешітке «Миромон ата» атауын беру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл шешім қос халықтың достығы мен бауырластығын айшықтай түседі.
– Менің пікірімше, бұл мешітке «Миромон ата» аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, Түркістанда өткен саммит пен жаңа мешіттің ашылуы түркі халықтарының рухани байланысын нығайтып, өңірдегі мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындай түсті.



