Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен алқалы жиында түркі халықтарының рухани байланысын нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға тоқталды. Президенттің айтуынша, биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылданған.
– Бүгінгі жиында өздеріңізге тағы да атап өткім келеді: мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде осы киелі Түркістан жерінде «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл марапаттың тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – түркі халықтарының ортақ рухани құндылығы әрі тарихи бірегейлігінің символы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа орденнің алғашқы иегері Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған болды. Мемлекет басшысы мәртебелі награданың бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы ерекше белгі екенін жеткізді.
– Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым. Осылайша, біз түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамырын нығайта береміз деп сенемін, – деді Президент.
Сарапшылардың пікірінше, «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің тағайындалуы түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетіп, ортақ тарихи мұраға деген құрметті жаңа деңгейге көтереді.



