«Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Мен теміржол саласын өркендетуге баса мән беремін», – деген болатын Мемлекет басшысы теміржол саласының өкілдерімен кездесулерінің бірінде. Бұл сөздер еліміздегі көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғыртудың стратегиялық маңызын айқындай түседі.
Осы бағытта Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алып жатыр. Нысанның құрылыс барысын Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуына ерекше назар аударды.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының талапқа сай және белгіленген уақытында аяқталуы тұрғындар мен жолаушылар үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, вокзалдың қауіпсіздігі мен сапалы салынуына баса мән беру қажеттігін жеткізді.
Қазіргі уақытта вокзал ғимаратында құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нысанда 20 жұмысшы кірпіш қалау және бетон құю жұмыстарымен айналысып жатыр. Ал перрон аумағында 8 маман тартылып, іргетасын дайындау және құрылымдық бекіту жұмыстары атқарылуда.
Жобаның тапсырыс берушісі «Қазақстан Темір Жолы» АҚ болса, құрылыс жұмыстарын «Bold Construction Group» ЖШС жүзеге асыруда. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, нысанды сапалы әрі уақытында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Қорыта айтқанда, Сарыағаш теміржол вокзалының жаңғыртылуы өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, жолаушыларға қолайлы әрі заманауи жағдай жасауға бағытталған маңызды жоба болып табылады.



