Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және халықтың әл-ауқатын жақсарту міндеттерін негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгілеп келеді. Президент экономиканың нақты секторын дамыту арқылы тұрақты өсімге қол жеткізудің маңызын ерекше атап өткен болатын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан облысында нақты нәтижесін беруде.
2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталып, қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 125,2 пайызды құрады. Нәтижесінде өңір республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекнің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды. Күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылу көрсеткіштері қаралды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты күшейтіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу маңызды рөл атқарады. Сондықтан өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жоспарланған межелерге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырамын. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың уақытылы әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етіңіздер, – деді Қанат Қайыпбек.
Жиында Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша баяндама жасады.
Оның мәліметінше, өнеркәсіп өнімінің көлемі 571,7 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 133 пайызды құраған. Өңдеу өнеркәсібінде 272,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көлемі 156,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ал тау-кен өндірісінің көлемі 244,7 миллиард теңгеге жетіп, өсім 117,6 пайызды құрады. Жоспар толық орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласында сәуір айының қорытындысымен 205,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 111,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар жыл басынан бері негізгі капиталға 470,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 157,4 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 95,8 миллиард теңгеге жетіп, өсім 110,3 пайыз болды.
Сондай-ақ Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметованың айтуынша, биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша облыс көлемінде түсімдер жоспары 105 пайызға орындалып, бюджетке жоспардан тыс 22,7 миллиард теңге кіріс түскен. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен өзіндік кірістер есебінен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Түркістан облысында экономиканың барлық негізгі салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.



