Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықты жұмыспен қамту, инвестиция тарту және экономиканың нақты секторын дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Осы бағыттағы тапсырмаларды орындау аясында Түркістан облысында өңірлік жұмыспен қамту көрсеткіштерін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы қаралды. Жиында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмыспен қамту көрсеткіштерін сапалы орындау, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– 2026 жылға жұмыспен қамту бойынша белгіленген индикаторларды уақтылы әрі сапалы орындауды, қосымша инвестиция тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды тапсырамын. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар қабылдау қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының есебі тыңдалды.
Биыл Түркістан облысында облыс әкімі бекіткен Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 54 483-і – тұрақты, 20 033-і – уақытша жұмыс орындары. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 35 539 жұмыс орны ашылып, жоспарлы көрсеткіштің бір бөлігі орындалды. Оның ішінде 19 100-і тұрақты, 16 439-ы уақытша жұмыс орындары.
Сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарына 14 507 азамат жолданса, субсидияланатын жұмыс орындарына 16 027 адам тартылған.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 284 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 105 жоба жүзеге асырылып, 935 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 4 070 жұмыс орны ашылған.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы бар.
Жиында әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы да сараланды. Биыл облыс бойынша 59 мыңнан астам азаматты атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған болса, 1 маусымдағы жағдай бойынша 42 771 адамға әлеуметтік көмек тағайындалған. Өңірдегі кедейлік деңгейі 2 пайызды құрап, жоспарлы көрсеткіштің орындалуы қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы қаралды. Президент тапсырмасына сәйкес 2026–2029 жылдары бұл жобаға 217 мыңнан астам ауыл тұрғынын тарту жоспарланып отыр. Биыл республикалық бюджет есебінен 15,3 млрд теңге бөлініп, 1 115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Мәжіліс қорытындысында өңір басшысы бірқатар аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына сын-ескертпе жасап, индикаторларды орындамаған жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті. Сонымен қатар жұмыспен қамту бағытындағы межелердің толық орындалуын, тәуекел аймақтардағы көрсеткіштерді жақсартуды және әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыруды тапсырды.



