Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес өкілдерінің мәселелерін жедел шешу арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеттерін ерекше атап келеді. Осы бағытта өңірлерде бизнес пен билік арасындағы ашық диалогты күшейтуге басымдық берілуде. Түркістан облысында да кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылауға арналған кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Осы орайда Түркістан облысы Кентау қаласында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Кентау қаласы мен Сауран ауданы кәсіпкерлерін жеке қабылдауы өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішов, Өңірлік кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ облыстық басқармалар мен тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алқалы жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, көтерілген ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу міндеттеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта билік пен бизнес арасындағы ашық диалогты нығайту маңызды. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бойынша нақты шаралар жүзеге асырылуда. Биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6 пайызбен жеңілдетілген несиелеу қарастырылып, 23 кәсіпкер 1,4 млрд теңгеге қаржыландырылды. Сонымен қатар «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында өтінімдер қабылдануда. Өндірістік инфрақұрылымы дайын жер телімдерін ұсыну арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда, – деді Қанат Қайыпбек.
Кездесу барысында Кентау қаласы мен Сауран ауданынан келген кәсіпкерлер бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, инфрақұрылым сапасын арттыру, теміржол логистикасын дамыту, суару жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімдерін оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешу өңір экономикасының тұрақты дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Кездесу барысында жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері әрбір мәселе бойынша түсіндірме беріп, ұсыныстарды іске асырудың нақты тетіктерін қарастырды. Барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы Өңірлік кеңестің бақылауына алынды.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің нақты мәселелерін жергілікті жерде талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Түркістан облысында бизнес өкілдерімен ашық форматтағы диалог тұрақты түрде жалғасатын болады.
Жеке қабылдаудан кейін Өңірлік кеңес мүшелері облыстың өндірістік әлеуетімен танысу мақсатында Кентау қаласындағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Атап айтқанда, темір конструкцияларын өндіретін Айдар Строй Групп ЖШС және оптикалық кабель шығаратын Kentau Cable Industries ЖШС кәсіпорындарының жұмыс барысы таныстырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысы еліміздегі кәсіпкерлік субъектілері ең көп шоғырланған өңірлердің бірі болып саналады. Өңірде 205 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің уақытын және шығындарын азайту мақсатында облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өндірістік парктер жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында Сауран ауданында 8 ауылдық округте 130 өндірістік ғимарат, ал Кентау қаласында 10 өндірістік нысан салу жұмыстары жүргізілуде.



