Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен азаматтардың талап-тілегіне негізделуі тиіс екенін, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерге дер кезінде назар аудару қажеттігін үнемі атап өтеді. Осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі Арыс қаласында жүзеге асып, тұрғындардың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі оң шешімін тапты.
Жуырда Арыс аудандық орталық ауруханасында тұрғындардың сұранысы негізінде ашылған 10 төсектік оңалту бөлімшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл нысан жарақат алған, күрделі отадан өткен және ұзақ мерзімді қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған.
Салтанатты шараға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері, медицина қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Соңғы жылдары арыстықтар тарапынан денсаулығын қалпына келтіруге мұқтаж азаматтарға арналған арнайы оңалту орталығын ашу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылып келген болатын. Әсіресе инсульт алған, ауыр жарақаттан кейінгі ем қабылдайтын немесе күрделі операциялардан кейін қалпына келу кезеңінен өтетін науқастар үшін мұндай бөлімшенің қажеттілігі жиі көтерілді. Халықтың осы өтініштері назарға алынып, аудандық орталық аурухана базасында заманауи талаптарға сай оңалту бөлімшесі пайдалануға берілді.
Шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Қайсар Зәкірұлы жаңа бөлімшенің әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы халық денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Бүгінгі ашылып отырған оңалту бөлімшесі – тұрғындардың сұранысы негізінде жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі. Мұнда денсаулығын қалпына келтіруді қажет ететін азаматтарға барлық жағдай жасалып, сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Бұл – халықтың өтінішіне құлақ асып, нақты нәтиже шығарудың жарқын үлгісі, – деді қала әкімі.
Жаңа бөлімше орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты қызметінде бұзылыстары бар пациенттерге, сондай-ақ жоспарлы операциялардан кейін оңалту емін қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетеді. Мұнда аурудың немесе жарақаттың жіті кезеңі аяқталғаннан кейін оңалту әлеуеті сақталған науқастар ем қабылдай алады.
Бөлімшеде реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массаж мамандары және физиотерапия кабинеттерінің мейірбикелері еңбек етеді. Мамандар әр пациенттің диагнозы мен денсаулық жағдайына сәйкес жеке оңалту бағдарламасын әзірлеп, кешенді емдеу шараларын жүргізеді.
Оңалтудың маңызды бағыттарының бірі – емдік дене шынықтыру. Осы мақсатта бөлімшеде арнайы жабдықталған ЛФК залдары қарастырылған. Мұнда жаттығулар жеке және шағын топтарда өткізіліп, пациенттердің қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге, ағзаның қызметін жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жаңа технологиялардың көмегімен науқастардың сауығу процесін жеделдетуге және емдеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасалған.
Бүгінде денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Түркістан облысында соңғы жылдары жаңа медициналық нысандар салу, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Арыстағы жаңа оңалту бөлімшесі осы игі бастамалардың заңды жалғасы болып отыр.
Жалпы, тұрғындардың ұсынысы негізінде ашылған оңалту бөлімшесі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл жоба медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың денсаулығын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Халықтың сұранысына сүйенген осындай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңір тұрғындарының игілігіне қызмет ете бермек.



