Кентау қаласында алдағы маңызды саяси науқанға дайындық жұмыстары мен сайлаушыларды ақпараттандыру шаралары қарқынды жүргізілуде. Маңызды саяси науқан барысында қала бойынша учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері тұрғындарға арнайы шақыру қағаздарын белсенді түрде таратып бітті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы дайындаған бірыңғай үлгідегі QR код белгісі бар бұл шақыру қағаздары әрбір үйге жеткізіліп, әрбір сайлаушыға жеке табысталды.
Бүгінгі таңда Кентау қаласы бойынша жалпы сайлаушылар саны 56 756 азаматты құрап отыр. Сайлаушыларға шақыру қағаздарын тарату жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, кейбір тұрғын үйлерге шақырушылар үш рет барғанымен, үйде ешкімнің болмауына байланысты тиісті актілер жасалды.
Айта кету керек, 23 тамыз күні өтетін Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды.
Қазақстан азаматтары Құрылтай сайлауы күні басқа елді мекенде болса, есептен шы-ғару куәлігі арқылы дауыс бере алады. Егер сайлау күні тіркелген жеріңізде болмасаңыз, дауыс беру мүмкіндігі сақталады. Ол үшін 7 тамыздан бастап, яғни дауыс беру күніне дейінгі 15 күн ішінде өзіңіздің учаскелік сайлау комиссияңызға жазбаша өтініш беруіңіз қажет. Есептен шығару куәліктерін беру 22 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады. Есептен шығару куәлігін сенімхат арқылы өкіл де ала алады. Бұл жағдайда сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді. Өзіңіз уақытша жүрген жердегі сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігі мен жеке куәлігіңізді ұсыныңыз. Осыдан кейін сіз сайлаушылар тізіміне енгізілесіз және дауыс беру бюллетені беріледі.



