Социалистік Еңбек Ері Төле Ағабеков Қазығұрт ауданындағы №307 сайлау учаскесіне барып, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Еңбек ардагері сайлауға қатысып, еліміздегі саяси жаңғыру үдерісі мен Құрылтайдың маңызы жөніндегі айтты.
«Бүгін біз еліміз үшін маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауымызды жасадық. Меніңше, әрбір сайлау – азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін сәті. Сондықтан халықтың дауыс беру арқылы өз пікірін білдіруі өте маңызды. Құрылтайдың алғаш рет өткізілуі – қоғамдық-саяси өміріміздегі елеулі жаңалық деп бағалаймын. Біз талай тарихи кезеңді бастан өткердік. Елдің өсіп-өркендеуі үшін еңбек еттік, қиындықтарды да, жетістіктерді де көрдік. Бүгінгі жас буынның алдында мүмкіндіктер көп. Сондықтан олардың ел тағдырына қатысты мәселелерге белсенді араласқаны дұрыс. Құрылтай осы тұрғыдан алғанда азаматтардың пікірін тыңдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға жол ашатын маңызды алаң болады деп ойлаймын. Құрылтайдың мәні тек депутаттарды немесе өкілдерді таңдаумен шектелмеуі керек. Оның негізгі мақсаты – халықтың ой-пікірін жеткізетін, елдің өзекті мәселелерін көтеретін, түрлі әлеуметтік топтардың ұсыныстарын ортақ арнаға тоғыстыратын тиімді қоғамдық-саяси институт қалыптастыру. Егер халықтың ұсынысы тыңдалып, орынды бастамалар нақты іске айналса, мұндай жүйенің қоғам үшін пайдасы зор», – деді Социалистік Еңбек Ері.
Айта кетейік, Қазығұрт ауданы бойынша 61 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Өңірде 65 525 сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Аудан халқының саяси науқанға қатысу белсенділігі жоғары.



