Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақтың тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарының бұзылуына жол бермеу бағытындағы рейдтік-профилактикалық шаралар жалғасуда.
Мәселен Төлеби ауданында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үйінің алдына 4 тоннадан астам құрылыс қалдығын төккен тұрғынды анықтады. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты тіркеп, тұрғынға аумақты ластауға жол берілмейтінін түсіндірді. Аталған факті бойынша заңға сәйкес тиісті шара қабылданды.
Жалпы рейд барысында тазалық талаптарын сақтамаған 20 тұрғын анықталды. Оның 7-еуіне ескерту жасалса, 13 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда, көшелерде және тұрғын үйлердің айналасына қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тастамауға шақырады.



