Беларусь Республикасының Несвиж қаласындағы «Несвиж» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Көгілдір күмбез құпиясы» атты халықаралық көрме ашылды.
Мәдени шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және шетелде зерттеу, сақтау әрі кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Беларусьтегі елшісі Тимур Жақсылықов, «Әзірет Сұлтан» және «Несвиж» музей-қорықтарының, сондай-ақ «Достар» мен «Атамекен» қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Экспозиция келушілерді көне Түркістанның бай тарихи-мәдени мұрасымен және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегей сәулеттік ерекшеліктерімен таныстырады.
Көрмеге XII ғасырға тиесілі түпнұсқа терракоталық тақташалар, XIV ғасырдағы қыш қаптама бөлшектері, майолика мен мозаика элементтері, сондай-ақ көне жазбалардың фотосуреттері қойылған.
Экспозицияның жеке бөлімі Қожа Ахмет Ясауидің рухани әрі зияткерлік мұрасына арналған. Онда қолжазбалар, «Насабнама» шежіресі және Ясауи ілімін жалғастырушылардың еңбектері ұсынылған. Бұл жәдігерлер ұлы ойшылдың ілімі мен оның түркі халықтарының рухани дәстүрінің қалыптасуына қосқан үлесін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Халықаралық көрме Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын шетелде насихаттап, қазақ халқының рухани құндылықтарын әлемдік қауымдастыққа танытуға бағытталған.



