Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, кәсіби спорттың әлеуетін арттыру және өскелең ұрпақтың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасау қажеттігін үнемі атап өтіп келеді. Спорт саласына жасалған қолдау – ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, елдің халықаралық аренадағы беделін арттырудың маңызды тетігі. Осы бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, спорт инфрақұрылымы жаңартылып, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Нәтижесінде өңір спортшыларының жетістіктері артып, халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.
Солардың қатарында Түркістан облысының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің жетістіктерін ерекше атап өтуге болады. 2026 жылдың алғашқы 10 айында аталған мектептің спортшылары халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жалпы 361 медаль жеңіп алды. Оның 138-і алтын, 93-і күміс және 130-ы қола жүлде. Бұл – спортшылардың тынымсыз еңбегі мен бапкерлердің кәсіби дайындығының, сондай-ақ спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі.
Мектеп директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы Шынболат Райхановтың басшылығымен спортшылар халықаралық жарыстарда өңір мен ел намысын абыроймен қорғап жүр. Әсіресе, биылғы ХХ жазғы Азия ойындарындағы нәтижелер мектеп тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі болды. Байрақты бәсекеге мектептің 14 спортшысы қатысып, 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, академиялық есуден Владислав Яковлев Азия ойындарының чемпионы атанып, ел қоржынына алтын медаль салды. Дзюдодан Айдар Арапов күміс жүлдеге қол жеткізсе, байдарка және каноэде есуден Ольга Шмелева күміс және қола медаль жеңіп алды. Әйелдер күресінен Нулифар Раймова мен еркін күрестен Едіге Қасымбек қола жүлдегер атанды.
Әлем чемпионаттарында да мектеп спортшылары жоғары нәтиже көрсетті. Жыл басынан бері олар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Алтын жүлдені жас балуан Бағдәулет Ағабек жеңіп алып, халықаралық аренада өзінің әлеуетін танытты.
Бұдан бөлек, Азия чемпионаттарында 16, Азия кубоктарында 18, әлем кубогында 1 медаль қоржынға түсті. Қазақстан чемпионаттарында спортшылар 173 жүлде иеленсе, ел кубогындағы жарыстарда 90 медаль жеңіп алды. Халықаралық турнирлердегі көрсеткіш те көңіл қуантады. Бұл бәсекелерде өңір спортшылары 53 медальға қол жеткізген.
Мектеп жұмысының тағы бір маңызды көрсеткіші – ұлттық құрама сапындағы спортшылар санының артуы. Егер бұған дейін құрамада мектептің 65 спортшысы болса, бүгінде олардың саны 123-ке жеткен. Ал жалпы жеңіп алынған медаль саны өткен кезеңдегі 188 жүлдеден 361-ге дейін өсті. Бұл спортшыларды даярлау жүйесінің нәтижелі жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Жоғары спорт шеберлігі мектебінде дзюдо, таеквондо, грек-рим және еркін күрес, әйелдер күресі, садақ ату, теннис, ауыр атлетика, академиялық есу, байдарка және каноэде есу, желкенді қайық спорты мен жүзу бағыттары бойынша спортшылар даярланады. Әр спорт түрінде жас таланттарды анықтау, олардың шеберлігін шыңдау және ұлттық құрамаға резерв қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, 361 медаль – жай ғана сандық көрсеткіш емес. Бұл – спортшылардың табанды еңбегі, бапкерлердің ізденісі мен өңірде спортты дамытуға бағытталған жүйелі қолдаудың жемісі. Алдағы уақытта да түркістандық спортшылардың халықаралық жарыстардағы жетістіктері жалғасып, ел мерейін асқақтата беретініне сенім мол.



