Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы да осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын сақтау, жасыл желектерді көбейту және табиғатқа жанашырлықпен қарайтын қоғам қалыптастыру. Осы бағыттағы жұмыстар Ордабасы ауданында жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасына сәйкес Темірлан ауылында күзгі көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Экологиялық шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, ауыл әкімдігінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мен абаттандыру саласының мамандары, ауыл тұрғындары және еріктілер қатысып, ортақ іске атсалысты.
Іс-шара барысында Темірлан ауылының шыға беріс бағытындағы арнайы дайындалған аумаққа 500 түп тал көшеті отырғызылды. Сонымен қатар абаттандыру мамандары аумақтың көркін арттыру мақсатында раушан гүлдерін егу жұмыстарын жүргізді.
Жалпы аудан көлемінде ұйымдастырылған күзгі көгалдандыру науқаны аясында 1 700 түп тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар елді мекендердің жасыл аймағын кеңейтіп, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары ауданның барлық елді мекендерінде жалғасын табуда. Сонымен бірге егілген көшеттердің жерсінуіне, уақытылы суарылып, күтіп-бапталуына да назар аударылуда.
— Табиғатты қорғау бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Әрбір отырғызылған көшеттің жайқалып өсуі мен жасыл желектің сақталуы – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамаларға тұрғындарды кеңінен тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек, — делінген Ордабасы ауданының әкімдігі таратқан ақпаратта.



