Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ауылдық аумақтарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселелеріне үнемі басымдық беріп келеді. Президент атап көрсеткендей, ауыл мен қала тұрғындарының өмір сүру сапасы арасындағы алшақтықты азайтып, әрбір елді мекенде қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыру маңызды. Осы міндеттер аясында Түркістан облысында, оның ішінде Бәйдібек ауданында халықты табиғи газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Жуырда Борлысай ауылдық округіне қарасты Қошқарата және Кеңсай елді мекендеріне табиғи газ беріліп, тұрғындар көптен күткен қуанышқа кенелді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Таңат Байғонов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Шараға ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар және жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері қатысты. Ауыл халқы көптен күткен табиғи газдың берілуін тұрмысқа қолайлылық әкелетін маңызды жаңалық ретінде қабылдады. Енді тұрғындар қатты отын тасу, оны сақтау және пеш жағу сияқты күнделікті тұрмыстық қиындықтардан арылып, үйлерін табиғи газбен жылыту мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Бәйдібек ауданындағы 45 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Газдандыру жұмыстарын толық аяқтау мақсатында алдағы кезеңге де нақты жоспарлар белгіленген. Атап айтқанда, 2027 жылы Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындарға табиғи газ беру көзделіп отыр.
Аталған жобалар жоспарға сәйкес толық жүзеге асқан жағдайда Бәйдібек ауданы елді мекендерін 100 пайыз табиғи газбен қамту межесіне қол жеткізеді. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етпек.



