Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында өңірлік инфрақұрылымды дамыту, көлік қатынасын жақсарту және жолдардың сапасын арттыру мәселелеріне басымдық беріп келеді. Бұл міндеттер елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне мүмкіндік жасайды. Осы бағытта Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында да көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Атап айтқанда, аудандық маңызы бар «Хантағы – Қаратау қорығы» автомобиль жолының Үсенбаев көшесі бойында орналасқан Хантағы өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Глобал Инвест Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ұзындығы 54,2 метрді құрайтын көпірдің құрылысы қала әкімі Жандос Тасовтың бақылауында. Қала басшысы нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сонымен қатар құрылыс сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген талаптардың сақталуына жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда көпір мен оған жалғасатын кіреберіс жолдарға асфальт жабындысын төсеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ нысан аумағын абаттандыру және көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған құрылыс 2027 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін Хантағы ауылы тұрғындарының қатынауына қолайлы жағдай жасалып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артады. Сонымен бірге ауылға келетін қонақтар мен Қаратау қорығы бағытына қатынайтын азаматтар үшін жол жүру мүмкіндігі жақсарады.



