Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеу, білімді ұрпақ қалыптастыру және қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Президент көтерген бұл бастамалар жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы орайда Кентау қаласында «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы аясында жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға арналған рухани-танымдық кездесу өтті.
Тағылымды басқосуға жастар арасында танымал Хамит Ердехан мен Нұрсұлтан Үсенов қатысып, өскелең ұрпақпен еркін форматта пікір алмасты. Кездесу барысында қонақтар кітап оқудың адам өміріндегі маңызына тоқталып, рухани байлықтың негізі білім мен үздіксіз ізденісте екенін атап өтті.
Сондай-ақ жастарды көркем әдебиет оқуға, уақытты тиімді пайдалануға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және өзін-өзі дамытуға шақырды. Олардың айтуынша, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, дүниетанымын қалыптастырып, өмірге деген көзқарасын тереңдетеді.
Кездесу барысында қатысушылар да белсенділік танытып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан өлең-жырлар оқыды. Әдебиетке деген қызығушылықтарын танытып, өзара пікір бөлісті. Еркін әңгіме мен тағылымды ойларға құрылған басқосу жастарға ерекше әсер қалдырып, кітап оқуға деген ынтасын арттыра түсті.
— Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, білімге құштарлықты арттыру. Өйткені кітап оқитын ұрпақ – ойы озық, танымы терең, болашағына жауапкершілікпен қарайтын қоғамның негізі, — делінген кентау қаласының әкімдігі таратқан ақпаратта.



