Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бастаманың жалғасы ретінде Төлеби ауданында «Жасыл мекен – гүлденген аудан» жобасы жүзеге асырылып, Қоғалы ауылдық округінде жаңа тұқымбақ ашылды.
Сәндік ағаштар, бұталар мен гүлдер өсіруге арналған нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, бастаманың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа тұқымбақ аудан аумағын көгалдандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға, жасыл желек көлемін арттыруға және табиғи ортаны жақсартуға мүмкіндік береді.
Жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын тұқымбаққа 6 мыңнан астам көшет отырғызылып, 2 мыңға жуық тұқым егілген. Мұнда жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделген ағаштар мен бұталар өсіріледі. Алдағы уақытта олар ауданға қарасты елді мекендердің көшелерін, қоғамдық орындары мен демалыс аймақтарын көгалдандыруға пайдаланылмақ.
Іс-шара барысында аудан әкімі «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік науқанмен шектелмей, әр тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ егілген тұқымдар мен отырғызылған көшеттердің күтіміне ерекше көңіл бөліп, олардың жерсініп, жайқалып өсуіне қажетті жағдай жасау маңызды екенін жеткізді.
— Жаңа тұқымбақтың ашылуы Төлеби ауданындағы экологиялық жұмыстардың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, елді мекендердің көркін арттыруға да септігін тигізеді. Ең бастысы, бұл бастама табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті күшейтіп, келер ұрпаққа жасыл әрі таза орта қалдыруға бағытталған, — делінген Төлеби ауданының әкімдігі таратқан ақпаратта.



