Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл игі бастамаға Келес ауданында да ерекше мән беріліп, биыл көктемгі және күзгі ағаш егу маусымында 50 мың түп көшет отырғызу жоспарланған.
Осы орайда аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы Асан қайғы көшесінің бойында ұйымдастырылған ағаш егу шарасына қатысты. Игі бастамаға ауыл ақсақалдары, жастар мен тұрғындар белсенді атсалысып, аллея аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жоспарға сәйкес, оның 15 мыңы көктемде, 35 мыңы күзгі маусымда егілмек. Қазіргі уақытта ауданға «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен 5 мың түп көшет жеткізіліп, ауылдар мен ауылдық округтерге бөлінген. Оның ішінде 3 мың түп қарағаш және 2 мың түп тұт ағашы бар.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ағаш отырғызу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды туған жердің табиғатын қорғауға және қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосуға шақырды.
— Ағаш отырғызу – болашаққа жасалған инвестиция. Бүгін егілген әрбір көшет ертең ауданымыздың көркіне айналып, жасыл желектің көбеюіне септігін тигізеді. Туған жерімізді таза әрі көрікті ету – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан егілген көшеттерді күтіп-баптап, олардың өсіп-өнуіне бірге атсалысуымыз қажет, – деді аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.
Аудан аумағын көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл ретте тек көшет отырғызумен шектелмей, олардың жерсініп, жайқалып өсуіне жағдай жасауға басымдық берілмек.



