Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, өңірлердің дамуына серпін беру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту міндеттеріне басымдық берді. Осы ретте сапалы жол салу мен қолданыстағы көшелерді жаңғырту – қалалардың тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Бұл бағытта Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жақсартуға арналған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қала аумағында автомобиль жолдарының сапасын арттыру, көлік қозғалысын реттеу және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жоба қолға алынған. Жоспарға сәйкес, 2026–2027 жылдары жалпы ұзындығы 110,7 шақырымды құрайтын 143 көшеге орташа жөндеу жүргізу көзделген. Бұл бастама қала көшелерінің жағдайын жақсартып қана қоймай, көлік қатынасын жеңілдетуге және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын 48 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысында жолдың жүру бөлігіне екі қабат асфальт жабыны төселіп, жол белгілері жаңартылады. Мұндай жұмыстар жолдардың пайдаланылу мерзімін ұзартуға, көлік қозғалысының сапасын жақсартуға және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде шаһардағы С. Ерубаев және А. Абдрахманов көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Қалған көшелерде жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.



