Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Президент көтерген бұл міндеттерді жүзеге асыруда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы зор. Осы бағытта еліміздің барлық өңірінде абаттандыру, тазалық сақтау және елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бұл игі бастамадан Шардара ауданы да шет қалған жоқ. Қала аумағын көркейту, жасыл желек көлемін арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Кезекті шара Төле би көшесінің бойында ұйымдастырылып, көшеге жаңа ағаш көшеттері егілді.
Игі бастамаға аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев қатысып, ағаш отырғызу жұмыстарына өз үлесін қосты. Мұндай шаралар туған өлкенің табиғатын қорғауға, қаланың көркін арттыруға және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
— Ағаш отырғызу – бір күндік науқан емес, келешек ұрпақтың өмір сүру ортасына жасалған маңызды инвестиция. Жасыл желек ауаның сапасын жақсартып қана қоймай, қала көшелеріне ерекше сән беріп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан егілген әрбір көшетті күтіп-баптау, оның жерсініп, жайқалып өсуіне жағдай жасау да маңызды міндеттердің бірі. Жалпы, туған жердің тазалығы мен көркеюі тек жауапты мекемелердің ғана емес, барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Осы ретте Шардарада жүзеге асып жатқан көгалдандыру жұмыстары қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл аймақтарын көбейтуге өзіндік үлес қосады, — делінген Шардара ауданы әкімдігі таратқан ақпаратта.



