Қаратау тауының оңтүстік етегінде орналасқан 65 жылдық тарихы бар Кентау қаласы жылдан-жылға өрлеп, даму үстінде. Бірлік пен татулықтың, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дұрыс таңдаған стратегиясының арқасында және Елбасымыздың бастаған ісін жалғастырушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді өркендету мақсатындағы дәстүрлі халыққа жолдаған Жолдаулары мен Үндеулерін, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмаларын іске асыру жолында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ол жайында Кентау қаласының әкімі Даурен Махажанов есепті жиында баяндады.
Алдымен қалаға қарасты ауылдарды аралап тұрғындармен кездескен қала әкімі Дәурен Сабитұлы кейіннен қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Ал, қалада жыл қорытындысына арналған жиын жұма күні өтті.
Есептік кездесу өткен Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында карантин талаптары қатаң сақталды. Келген тұрғындардың қызуы тексеріліп, ара қашықтықты сақтап отырды.
Байыпты баяндама жасаған қала басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды атап өтіп, алдағы жоспарлармен таныстырды.
Жалпы жылдың қорытындысымен қаланың өнім көлемі 121,8 млрд.теңгеге жетіп, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,4% артты.
Өткен жылы қалада Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерекесіне орай Абай ескерткіші бой көтерді. ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңын назарға ала отырып, ағымдағы жылдың тамыз айында Абай даңғылы бойынан «Мұғалімдер аллеясы» ашылды. Қалада 4129 нәресте дүниеге келіп, табиғи өсім 20,1% құрады.
— Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,6 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,4% артты. 2020 жылы 5 қабатты 60 пәтерлі 10 дана тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Ш.Уалиханов көшесі бойынан 5 дана 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме анықталып, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде — деді қала әкімі.
Пандемия кезінде Кентау қаласының тұрғындарына демеушілер көмек көрсетті. Атап айтар болсақ, Бекболат Бекенов Кентау қалалық орталық ауруханасын 100,0 млн.теңге тұратын кислород станциясымен қамтамасыз етті. Есенбек Құланбаев пандемияға байланысты ашылған 100 орындық обсерваторияны көрпе-төсекпен толықтырды. Еркін Татишев 12 млн.теңгеге санитарлық құрал-жабдықтар берді және 250 аз қамтамасыз етілген отбасына азық-түлік таратты. Талғат Балабиев 2,0 млн.теңгеге блок бекеттерді таза ауыз сумен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, басқа да қаланың жанашыр азаматтары өз көмектерін көрсетті.
Қала әкімі Дәурен Сәбитұлы Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру бойынша жұмыстар жалғасып жатқандығын жеткізді. Егер тиісті министрліктер тарапынан оң шешім қабылданса, одан әрі үкіметте қаралатындығын атап өтті. Ол жақтан да оң қорытынды шыққан жағдайда 2022 жылға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылады. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жүзеге асуда.
Өткен жылы қалада жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. 2020 жылы Кентау қаласы және шахарға қарасты ауылдарда жалпы ұзындығы 94,1 шақырым болатын 66 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қаланы табиғи газбен қамту мақсатында да ілкімді жұмыстар іске асып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында қалаға табиғи газ беру жоспарланып отыр.
Есептік кездесуде Кентау қаласының Құрметті азаматы Нұрмаханбат Жақай, Каримжан Гайбишев және Ащысай ауылының тұрғыны Сабида Хамидуллина, Жаңа Иқандық Юлдаш Сатыбалдиев жарыссөзге шығып, 2020 жылы қалада атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Тұрғындар тарапынан жылдық есеп жоғары бағаланды.