— Дәурен Сәбитұлы, Кентау қаласына әкім болып тағайындалғаныңызға да екі жылдың жүзі болды. Жалпы туған жерді түлету жолындағы жоспар жобаларыңыз қалай жүзеге асып жатыр?
— Ия, Кентау менің туған жерім. Мен осы қалада дүниеге келдім. Білім алдым. Қазір қаланың өсіп өркендеуі жолында қызмет етіп келемін.
Қалада біз ең алдымен жарықтандыру мәселесін қолға алдық. Көшелерді, тұрғын үй аулаларын жарықтандырдық. Мұндағы басты мақсатымыз халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Себебі, ұрлық, тонау секілді қылмыстардың көпшілігі түнгі мезгілде орын алады. Ал, халық тәулік бойы өзін қауіпсіз сезінуі керек. Сондықтан жарықтандыру жайына үлкен көңіл бөлдік. 2021-2022 жылға қаладағы 69 көшенің 600 шамын ауыстыру, 201 жарық бағанасын орнату жоспарланған. Сонымен қатар, қаладағы 52, 68, 69, Болашақ, Шұғыла мөлтек аудандарының жарықшамдары қайтадан ретке келтіріліп, іске қосылатын болатын.
Келесі жобаның бірі ескі көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациядан өткізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болды. Бұл қаламыз үшін өте маңызды. Еліміздегі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 2019 жылы 1074,2 млн теңгеге 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
Жалпы Кентау қаласы бойынша 368 көпқабатты тұрғын үй (қалада – 334, ауылдарда – 34) бар. Кезең кезеңімен осы аталған үйлер күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуі қажет. Алайда, тұрғындар тарапынан үйлерді құрылыс жұмыстарынан өткізу туралы көп өтініштер түскен соң біз мердігерлермен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары мердігер мекемелердің қаражаты есебінен жүргізілуде. 2020 жылға облыстық бюджеттен 32 көпқабатты тұрғын үйге 1 064 534 мың теңге қаржы қаралып, бөлінді. Алайда, кейбір мердігерлердің қаржысы жеткіліксіз болып, бірқатар үйлердің жөндеу жұмыстары толықтай аяқталмай тоқтап қалды. Бүгінгі таңға қалған 100 көпқабатты тұрғын үйге республикалық бюджеттен 3 274 350,0 мың теңге қаржы қаралған болатын. Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін қаржылар бөлініп, жыл соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады.
Тұрғын үйлерді жаңғыртумен қатар, көпқабатты үйлердің аулаларын толықтай жөндеуден өткізуді қолға алып отырмыз.
Бұл қаламыз үшін өте қажетті, маңызды шешім. Аулаларға аяқ жолдар салынып, ішкі жолдары толықтай асфальтанады. Заманауи қоқыс алаңы қойылып, соңғы үлгідегі балалар ойын алаңшалары орнатылады. Бүгінде бұл жұмыстар басталды. Қаладағы Абай 1, 3, 3а, 5, Д.Қонаев 8, 34, 36, С.Сейфуллин 93, 93а, 95 үйлердің аулаларда ойын алаңшасы мен асфальт салынды. Д.Қонаев 22,24,30,32,42,44,44а, Ясауи 114,110,108,108а, Құралбаев 79,81, Панфилов 35,37,52,48, Б.Момышұлы 53,53а,55,59, С.Сейфуллин 92, 94,96,98,100 аулаларына ойын алаңшалар орнатылды. Б.Момышұлы 62, Төле би 49, 43, 43а, 43б, 59 аулаларына жыл соңына дейін ойын алаңшалармен бірге асфальт салынады. Жұмыстар басталып жүргізілуде. Қалған аулаларда кезең-кезеңімен 2022 жылдың соңына дейін жаңғыртудан өтеді. Бұл жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына жайлы орта қалыптасыру мақсатында жүзеге асырылуда.
Бүгінде қоқыс жәшіктерін көше бойларына орналастыруға тұрғындар тарапынан наразылық тууда. Бұл, уақытша жағдай. Қаладағы барлық аулалар жаңғыртудан өткен соң қайта ішке ыңғайластырылып қойылады. Сол себепті көпшілікті сабырлық танытып, түсіністікпен қарауларын сұраймын.
— Қаладағы құрылыс және абаттандыру жұмыстары бойынша тоқталып өтсеңіз?
— Қала халқын тұрғын үймен қамту негізгі мақсатымыздың бірі. Биыл 600-ге жуық отбасы баспаналы болды. Қазір тағы 5 көп қабатты 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Алдағы уақытта тағы 10 көп қабатты үй салынады деп жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сондай-ақ, қалада ауысымына 500 келушіні қабылдайтын жаңа емхана бой көтерді. Мұнда емханамен бірге «Жедел жәрдем» стансасы орналасты. Қалалық орталық аурухана бүгінгі таңда толықтай күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігі қызмет етуге кірісетін болады.
Жастар жылына орай «Жастар» саябағы жаңаша кейіпке енді. Мұнда теннис корты, баскетбол, волейбол, футбол алаңшалары орналасып, веложол салынды.
Қаладағы аллеялар мен орталық алаң абаттандырылып, субұрқақтарын іске қостық. Көріктендіру мақсатында сағат стелласы ашылды. Ал, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ел көлемінде алғашқылардың бірі болып Абайдың ескерткішін және ұстаздар аллеясын орнаттық.
Бүгінде қалада және қалаға қарасты ауылдарды инфрақұрылым жүйесін жүргізу ісі жоспарға сай жүргізіліп келеді. Тағы бір атап кететін жайт, қазіргі таңда «Глубокий» суағар төкпесінен «Қосқорған» су қоймасына дейінгі су арнасын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Су жайында айтып қалдыңыз? Жалпы қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамту жайы қалай шешіліп жатыр?
— Жалпы қалада су тазарту станциясындағы су тазартқышқа 3000 — 6000 куб аралықта су жиналады. Ол бүгінгі таңда Кентау қаласы үшін жеткіліксіз болып отыр. Қаламызда халық саны артқан сайын су тұтынушыларда көбейіп келеді. Енді бұрыңғы су жинағыш резервуардан бөлек, 10 000 кубқа дейін су жинайтын жаңа су жинағыш резервуар салуды және «Ақ бұлақ» бағдарламасына енбей қалған жеке сектордағы үйлерді аузы суға қосу үшін құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Жұмыстар жүзеге асқан кезде қала тұрғындары толыққанды жаңа су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылатын болады.
Тағы айта кететін жаңалық, Кентау қаласының жер асты суларын тиімді пайдалану да жоспарымызда бар. Өздеріңізге аян қаланың жер асты суы көтерілуде. Сол себепті кейбір аймақтардың жері төмен түсіп, ойық жерлер пайда болуда. Бұлай жалғаса беретін болса, апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Біз сол қауіптің алдын алу мақсатында жер асты суын азайтуды, сол суды біршама істерге пайдалануды қолға алып отырмыз. Бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 4 дана сусорғыш орнатып, Кеншілер саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өтуді қарастырудамыз. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Алматыдағы «Весновка» өзені іспеттес, Кентау көшелерінен де мөлдір таза су ағып өтетін болады. Сонда Кентау өзінің жасыл желекті келбетін сақтайды, әрі тұрғындарға жайлы орта қалыптасады.
— Көпшілікті толғандырып жүрген мәселенің бірі – табиғи газ. Кентауға көгілдір отын қашан келеді?
— Өте ауқымды да маңызды сұрақ. Бүгінгі таңда қала тұрғындары үшін ең қажетті газ екені айқын. Жалпы қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында №14 «Қызыләскер» АГТС нысанына құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда магистралды құбырды кептіру және тазалау жұмыстары жүруде. Содан соң, магистралдық құбырға қосылу және толтыру жұмыстарын «БатысМұнайГаз жабдықтары» ЖШС мамандары іске асырады. Осы аталған жұмыстар толығымен аяқталғаннан кейін Кентау қаласына жыл соңына дейін табиғи газ береміз деп жоспарлап отырмыз.
— Сіз қалаға басшы болып тағайындалған соң, алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қала жолдарын түгелімен жөндеу жұмысын қолға алдыңыз. Қала орталығымен қатар 52 орам, қала шетіндегі мөлтек аудандарға да асфальт төселді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таба ма?
— Орынды мәселені атап отырсыз. Жол — тұрғындар үшін өте маңызды. Біз қала тұрғындарының жүріп-тұруына жайлылық жасау мақсатында алғаш рет үлкен жобаны жүзеге асырып отырмыз. Ол 2020-2022 жылдар аралығында мемлекеттік — жекешелік әріптестік жобасы аясында қаладағы жалпы ұзындығы- 76,67 шақырым болатын 131 көшеге ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүзргізу. Жалпы биылғы жылды қоса алғанда 2020 жылдан бері қалада 53,3 шақырымды құрайтын 52 көшеге орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталуы қажет. Сондай-ақ, республикалық және субвенсия қаржыларына биылғы жылы қала мен елді мекендерде 28,3 шақырымды құрайтын ішкі жолдардың құрылысы қосымша атқарылады.
2022 жылы жоспарға сай қала көшелерін 100 пайыз қанағаттанарлық деңгейге жеткізу мақсатында 43 шақырым жол жөндеуге ұсынылатын болады. Сонымен қатар, Кентау-Түркістан әуежай аралығына облыстық маңызы бар 26 шақырымды құрайтын айналма жол салынуда. Ол келесі жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, қауіпсіздік шараларымен қаланың 11 көшесінің қиылыстарына заманауи диодты 131 дана көлік бағдаршамы, 87 дана-жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар, ақпараттық — нұсқағыш белгілерімен бірге орнатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табады.
— Қалаға қарасты ауылдарда жайылым мәселесі мал шаруашылығымен айналысушылар үшін қиындық тудырып отыр. Аталған жағдайды оңтайлы шешудің қандай жолдары қарастырылып жатыр?
— Кентау қаласы өндірістік қала болғандықтан елді мекендерде ауыл шаруашылығы жерлері қарастырылмаған.
2008 жылдан бастап Ащысай, Хантағы, Байылдыр поселкелеріне ауыл статусы берілді. Елді мекендерде өндіріс орындары толығымен тоқтатылған соң, жергілікті халықтың күн көріс көзі – мал шаруашылығына айналды. Алайда жайылым жерлер мүлдем қарастырылмағандықтан өзекті мәселеге айналып отыр.
Бүгінгі таңға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан жоғарыда аталған ауылдарға шекаралас жатқан ауылдардан жайылым жер бөлу мәселесі бойынша біршама жұмыстарды атқардық. Яғни, «Азаматтарға арналған үкімет» корпарациясының Түркістан облысы бойынша филиалымен (жер кадастры) келісім-шартқа отырып, қаржысы төленіп, жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта Хантағы, Байылдыр, Ащысай ауылдарына жайылым жер қосылады жеп жоспарлап отырмыз.
— Жалпы елдегі карантиндің шектеулер көптеген өндіріс пен шағын бизнеске кедергісін келтіруде. Бұл Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етіп жатқан жоқ па?
— Кентау қаласының әлеуметтік — экономикалық даму қорытындысының орындалуына тоқталар болсам, 2021 жылдың 7 айында жалпы өнім көлемі 29,3 млрд. теңгені құрады.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,2% құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 43714,1 млн.теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артқан.
Қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 102,2 пайызға орындалып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға өскен.
Жалпы каратиндік шектеулердің әсері болғанымен, кәсіп иелеріде заман талабына бейімделіп, онлайн қызмет көрсетуде. Жалпы қалада әлеуметтік-экономикалық өсім бар.
— Тұрғын үймен қамту жүйелі түрде іске асып келеді. Ал, тұрғын үй салу үшін жер телімдері беріле ме?
— Қаламызда 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 8790 тұрғын жер кезегіне есепке алынған. Кентау қаласының Оңтүстік-Шығысынан 300,0 га жер телімі және Оңтүстік — Батыс аумағынан 505 га жер учаскелеріне нақты жайғастыру жобасы әзірленген. Аталған алаңшалар инженерлік — инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылып дайын болған соң 3000-дай жер учаскесі берілетін болады. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр.
— Мемлекет басшысының Жолдауында моноқалаларды дамыту жайына баса назар аударылып отыр. Бұл бағытта Кентауда қандай жұмыстар жүзеге асады?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған Жолдауында моноқалалардағы тыныс — тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екендігін айтты.
Бүгін де еліміздегі өндіріс орындарының басым көпшілігі моноқалаларда орналасқан. Олардың жұмыс жүйесін заман талабына бейімдеп, өндіріс қуаттылығын арттыру қажет. Мәселен, Кентау қаласында орналасқан Кентау трансформатор зауыты еліміздегі көшбасшы кәсіпорынға айналды.
Қалада пластикалық құбыр шығаратын цех жұмысы қарқын алды. Онда жергілікті 30-дан аса тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Биыл «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС «Күн электростанциясын құру» бойынша 3 жобаны іске асырды. Ал, қазан айында «Бетон бұйымдарын өндіру жобасы» іске қосылмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақта 2025 жылға дейін жүзеге асатын бірнеше жобалар бар. Оның 3-уі жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.
Мұның баршасы да Кентаудың өндірістік қуаттылығын арттырады. Яғни, Кентау облыс орталығының жанындағы өндірісі дамыған қалаға айналуы тиіс. Біздегі басты мақсатта осы. Бұл бағытта Мемлекет басшысының жолдауы жолбасшымыз болады.
Жалпы, Кентау қаласында бұрын кең байыту саласы қатты дамыған болатын. Заман талабына сай бұл бағыт бойынша жұмыстар тоқтады. Алайда, өмір жалғасады. Сондықтан, біз Кентаудың экономикасын әртарапты дамытуды қолға алып отырмыз.
Ең алдымен, облыс орталығына жақын орналасқан бірден-бір қала болғандықтан туристік аймақтарды дамытамыз. 2000 жылдық тарихы бар Қарнақ ауылында тарихи нысандамен қатар, құнды жәдігерлер көп. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы да жақсы дамыған.
Байылдыр ауылында барит өңдейтін кен орнын қайта іске қосу мақсатында инвесторлар барлау жұмысын жүргізіп жатыр. Толыққанды жұмысты бастаған уақытта ауылдың біршама тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Ащысай, Хантағы ауылдары туристер келіп тамашалайтын орынға айналады.
Сонымен қатар, қалада ішкі сауда саттықты дамыту мақсатында базарлар заманауи талапқа сәйкестендіріліп жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Яғни, алдағы уақытта Кентауда екі жаңа сауда кешені ашылады.
Қала үшін тағы айта кететін жайт, кәсіпкерлік мақсатта берілетін жерлер алғаш рет аукцион арқылы сатылымға шығуда.
Нәтижесінде бүгінде қаланың бюджетіне 200 млн теңге түсті. Ол қаржыны әзірге абаттандыруға бөліп отырмыз. Мәселен, қалаға келген қонақтар мен қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында аллеялар мен саябақтарды, демалыс орындарын көбейтеміз. Қаладағы Д.Қонаев көшесінің бойына «Дәрігерлер аллеясын» орналастырамыз. Ал, «Жастар» саябағының аумағындағы жағалау арқылы Уәлиханов көшесінің бойына қарай үлкен демалыс аймағы салынады.
— Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Аталған мерейтой аясында Кентауда қандай жұмыстар, ілкімді істер атқарылмақ?
Ия, биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы аралықта еліміз көптеген жетістікке жетіп, әлемдік деңгейдегі дамушы елдердің қатарынан көрінді.
Мерейтой аясында көк туымыз желбіреп тұратын рәміздер алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Ол жер егемендігімізді айшықтап тұратын, жастарға рухани серпін беретін алаң болатыны сөзсіз. Рәміздер алаңының аумағын абаттандырып, қонақтар мен тұрғындар демалатын орын жасаймыз. Одан бөлек, сол жерден өз кәсібін ашамын деген кәсіпкерлерге аукцион арқылы жер берілетін болады. Мәселен, қонақ үй, мейрамхана секілді нысандар бой көтеріп, халыққа қызмет жасауы қажет.
Ал, аукционнан түскен қаржыны тағы да абаттандыруға жұмсаймыз.
Бұл игі істің барлығы да Кентаудың керемет келбетін қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашады.
Тәуелесіздік біздің басты құндылығымыз. Бұл қасиетті ұғымды әрбір жеткіншектің, жастың бойына сіңіру мақсатында ауқымды іс-шаралар жоспары әзірленуде. Қаладағы мектептер мен арнаулы орта оқу орындарында, мекемелерде патриоттық тәрбиеге баулитын көптеген шаралар өтетін болады.
— Әңгімеңізге рахмет.