Құрметті Төраға!
Құрметті Мəжіліс депутаттары!
Тəуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі жəне қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.
Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, əрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі əдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады.
Бірақ бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық.
Мұның қатарында Жамбыл облысында болған тəртіпсіздіктер, этносаралық сипаттағы арандатушылықтар мен басқа да шиеленістер бар. Қоғамымыздың тұтастығын жүйелі түрде, соның ішінде наразылықтар мен кəсіби түрде əзірленген сценарийлерді қолдану арқылы шайқалтып келген.
Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау жасырын түрде жүргізілген. Ұлттық қаупісіздік комитеті уəкілетті орган ретінде осы бүлдіргі жұмыстарға нақты баға бере алмады жəне бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген аса үлкен қауіпті көрмеді. Шабуыл ұйымдастырушыларына тек себеп іздеу ғана қалды, ал, ол себеп бəрібір табылар еді.
Халықтың газ бағасының өсуіне байланысты наразылығы құрал ретінде пайдаланылды. Содан кейін оқиға спираль түрінде дамыды. Бірінші кезеңде бірнеше өңірде, атап айтқанда, Жаңаөзенде митингтер өтті. Екіншісінде қарақшылар мен басбұзарлар қосылды. Бұдан əрі «отты» кезеңге жетіп, қарулы лаңкестер, соның ішінде шетелдік содырлар іске араласты. Осыдан кейін олардың негізгі мақсаты белгілі болды – мемлекеттік басқару институттарын тарату, конституциялық құрылымды бұзу жəне түпкі нəтижеде билікті басып алу.
Əр нəрсені өз атымен атар болсақ, бұған дейін ҰҚШҰ саммитінде айтқанымдай, біздің елге қарсы террористік соғыс ашылды. Жау асқан қатыгездікпен кез келген қадамға баруға дайын екенін көрсетті. Олар тіпті халық арасында қорқыныш ұялатып, қарсы шығу туралы ойды басуға талпынды.
Қазақстанға шабуыл жоспары əртүрлі аспектілерді қамтыды: əскери, саяси, идеологиялық, жалған ақпараттандыру жəне тағы басқалар. Билікті басып алуға дайындық жұмыстарын кəсіпқойлар жүргізді.
Бұл халықаралық лаңкестік тарапынан елімізге қарсы жасалған қарулы агрессия болғандықтан, Қазақстан заңды түрде Ұжымдық қауіпсіздік шарты бойынша əріптестеріне бітімгершілік контингент жіберу туралы өтініш жасады.
Мынаны түсіну керек: осындай шешім қабылдап жатқан кезде Алматыны бақылауды толықтай уыстан шығарып алуымыз мүмкін еді. Ондай жағдайда қалада лаңкестер ойран салатын еді. Алматыдан айырылсақ, астананы да жоғалтып, кейін елімізден айырылатын едік. Қаңтардың қаралы күндеріндегі оқиғалардың мəні де осында. Елордада бітімгершілік контингент пайда болғаннан кейін Алматыға арнайы жасақтың қосымша бөлімшелерін жіберіп, қаланы сақтап қала алдық.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, əсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мəселелерімен айналысады.
Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету жəне ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету.
Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мəнінде, солардың жанкешті іс-əрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ.
Мемлекеттік төңкеріс, елдің тұрақтылығына қол сұғу талпыныстары сəтсіздікке ұшырады. Біз біртұтас ұлт ретінде Алматы мен өзге облыс орталықтарын бірге қорғап қалдық. Қысқа мерзімде олар қалпына келтіріледі жəне бұрынғыдан да көркейе түседі. Енді бұл менің тікелей міндетім жəне əрине, Үкіметтің жауапкершілігі.
Осы сəтті пайдалана отырып, террористік агрессияның нысанына айналған қалалардың тұрғындарына көңіл айтқым келеді.
* * *
Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының террористік агрессияның бетін қайтарудағы ерлігін атап өткім келеді. Мысалы, Алматы қаласында полицияның шағын тобы полиция департаментін басып алмақ болған бандиттердің шабуылын екі түн қатарынан тойтарып отырды.
Қиын-қыстау кезеңде Қорғаныс министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің əскери қызметшілері де абыроймен көзге түсті. Бірақ, бəрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ.
Бірқатар қалада Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті əскери арсенал болғанына қарамастан, қызметтік ғимараттарды ондағы қару мен құпия құжаттармен бірге соғыссыз тастап кетті.
Енді алғашқыда атқаратын жұмыстың бағытын айқындап бергім келеді. Бірінші. Антитеррорлық қимылдарды табысты аяқтау қажет. Азаматтарымыздың қалаларда, елді мекендерде жəне ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тəртіпті толықтай қалпына келтіру керек.
Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталды. Еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Осыған байланысты ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы сəтті аяқталды деп мəлімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгершілік контингентін кезең-кезеңмен шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды.
Екінші. Содырлар мен олардың бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыстарға қатысы бар сыбайластарын түгел тауып, жазалау керек. Лаңкестік шабуылдардың артында кім тұрғанын тыңғылықты анықтау өте маңызды.
Тағы бір өзекті мəселе – содырлардың жасырын «ұяшықтары» мен олардың командалық пунктінің қызметі не себепті мемлекеттің назарынан тыс қалды? Неліктен еліміздің аумағында осыншама заңсыз қару мен арнайы құралдар бар болып шықты? Терроризм нысандарын анықтау мен бейтараптандыру бойынша агентура жұмысы неліктен жүргізілмеді? Арнаулы жедел тергеу тобы өз жұмысын сапалы əрі толық көлемде атқарып, трагедияның барлық себебі мен мəн-жайын ашуы керек.
Үшінші. Қаза болған тəртіп сақшыларының, əскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мəселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен жəне басқа да қажетті нəрсемен қамтамасыз етеміз.
Төртінші. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кəсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады.
Бесінші. Еліміздің қауіпсіздігін нығайту жəне қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, əскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін əскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз.
Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тəртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бірмақсатқа – кез келген сипаттағы жəне ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғауға жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Мұны мемлекетіміздің негізгі мүдделері талап етеді. Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет.
Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру жəне қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ, жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға шұғыл кірісуі қажет.
Екінші. Ұлттық ұланды сан мен сапа тұрғысынан нығайту. Өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін жасақтап, бар бөлімшелерді күшейту, көліктік жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету мəселелерін шешу қажет.
Ішкі істер министрлігінің арнаулы мақсаттағы құрылымдарының жəне Ұлттық ұланның санын ұлғайтып, əскери дайындығын күшейту керек. Қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қосымша жарақтандыру қажет. Бүкіл күштік құрылымдардағы арнаулы бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысы көтерілсін.
Үшінші. Полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру. Билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет.
Төртінші. Əскердің жауынгерлік қабілетін арттыру. Қысқа мерзімде Арнаулы операция күштері қолбасшылығын құру.
Бесінші. Шекара қызметінің ұйымдастыру жəне басқару принциптерін қайта қарау керек. Мемлекеттік шекараны əскери қорғаудан жедел жұмыс əдістеріне баса назар аудартқан реформаларға ревизия жүргізу.
Алтыншы. Сыртқы, əскери, қылмыстық жəне қаржылық барлауды қоса алғанда, барлау қызметін толықтай құру қажет.
Жетінші. Түрлі күш құрылымдары арасындағы тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету керек. Дағдарыс жағдайындағы мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының алгоритмдері өзектендіріліп, ведомствоаралық үйлестіру күшейтілуі қажет. Барлық күш құрылымдарының жедел жəне əскери-техникалық сəйкестілігін жолға қою керек.
Сегізінші. Қарулы Күштердің өздігінен шешім қабылдай алуын қамтамасыз ету, басшыларының жауапкершілігін күшейту қажет.
Тоғызыншы. Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру. Олардың криминалмен, əсіресе, қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек. Таяуда Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткіземіз. Ол жерде жоғарыда айтылған жайттар ортаға салынып, шешу жолдары қаралады.
Қайғылы жағдай негізінен күрделі əлеуметтік-экономикалық мəселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі жағдай мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауы байқалды. Билік құрылымдарының өкілдері халықтың өміріне, олардың ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне қатысты қате көзқарас қалыптасты.
Теңсіздік мəселесі де ушыға түсті. Ол жылдан-жылға қиындай берді, ал, халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда, елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ.
Халықты сапалы өмірмен қамту мен əл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр.
Елде құрылған əлеуметтік-экономикалық жүйе жалпы ұлттық табысты арттыруда өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ, оны бөлісуде тиімсіз екені аңғарылды. Мұны бəріңіз жақсы түсініп отырсыздар.
Экономикалық өсуден негізінен қаржылық жəне олигархиялық топтар пайда тауып отырды. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бəсекеге қабілеттілігін төмендетті.
Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай əлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру жəне дамыту.
Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кəсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл – өзінің жəне балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кəсіпкерлер.
Дəл осындай кəсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кəсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның əлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көптеген əділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бəрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мəнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигополияны одан əрі күшейтеді. Ірі кəсіпорындар бəсекелестікті тұншықтырып, реформаны тоқтататын ерекше артықшылықтарға ие.
Мысалы, Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркəсіптік жəне құрылыс топтарынан өкілдік ететін таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналды. Бəрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын жəне орта бизнеске жұмсауға болатын еді.
Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес əрі тиімсіз болып отыр. Бұл тəсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті əрі ашық тетіктер болуы қажет. Өңірлерде шағын жəне орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн.
Əділ бəсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс. Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нəрсеге айналды. Мемлекеттік жəне квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ, кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын.
Келесі мəселе. Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кəсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру жəне оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мəжбүр болып отырмыз.
Осы кезеңде Бас прокуратура Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігімен, сондай-ақ, Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар əзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі
сақталады.
Келесі мəселе – «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі. Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей əсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақ газ жəне Қазақстан теміржолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды.
Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын жəне шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?
«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан Үкіметке Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар əзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.
Қордың сатып алуларының ашықтығына қатысты мəселелер бар. Шағымдар жиі түседі. Осы мəселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Əсіресе, мемлекеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. «Самұрық-Қазына» қоры мен басқа да ұлттық компаниялардың сатып алулар тəртібін қайта қарастыру міндеті алда тұр.
Былтыр реттелетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда, мəселелердің көбі бұрынғыдай заңға тəуелді актілер мен Қордың өз шешімі деңгейінде шешілуде. «Самұрық-Қазына» ережелері мен рəсімдерін Қаржы министрлігі мен Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігімен келісуді қамтамасыз ету керек.
Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ, жекешелендіру жүйелі жəне ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бəсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тəсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл əзірлеу қажет. Үкіметке Бəсекелестікті қорғау жəне дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық ашық əрі айқын болуын қамтамасыз етуді
тапсырамын.
Экономиканы əртараптандыру – күрделі міндет. Əртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың əл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркəсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркəсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді.
Біз əлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тəуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар жəне машина жасау саласына қажетті жабдықтар əлі күнге дейін шетелден əкелінеді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ жəне тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты. Əлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дəл осындай күйде болуына мүдделі ме? Үкімет бүкіл өнеркəсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс.
Шикізат қорын, құзыреттері мен экономикалық тиімділікті ескере отырып, бəсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды əзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Келесі. Кəсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн. Мемлекеттің утилизациялау, автомобильдік өнеркəсіп пен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға қолдау көрсетуін ешкім тоқтатқан жоқ. Бұл мəселені бизнеспен жəне қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек.
Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мəселесін қарастырған жөн. Осы жəне өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тəсілдерін қарастырыңыздар.
Біздің қоғамды, əсіресе, елорда тұрғындарын тітіркендіретін демесек, қатты алаңдататын тағы бір мəселе – ЛРТ құрылысы. Ол кəдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Орасан зор қаражат жұмсалды, қарыз алынды. Шетелдік əріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба əу бастан қателік еді, оны мойындау керек. Оған қоса, бұл жобадан күшті жемқорлықтың иісі шығады.
Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет. Себебі, оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Бізде отандық жəне шетелдік сəулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны пайдаланудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа таңдау жоқ.
Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен жəне жемшөппен қамтамасыз ету ісіне əсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мəселелерін жəне егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс.
Субсидияны тұрақты беруге қатысты мəселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тəсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын жəне ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз.
Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мəселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен əкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді.
Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бюджет кірістерінің қосымша көздері қажет. Шикізат бағасының жоғары болуына байланысты тау-кен өнеркəсібі саласындағы кəсіпорындардың кірісі өсті. Мұны білеміз.
Үкіметке бюджетке қосымша кірістер мəселесін пысықтауды тапсырамын. Есесіне жаңа кен орындарын барлау мен игеруге ауқымды жеңілдіктер беруге болады. Мен ірі тау-кен жəне басқа компаниялар туралы айтып отырмын.
Қолайлы нарық жағдайында бензин өндірушілер мен əртүрлі делдалдар қосымша пайда алады. Осы маржаның бір бөлігін акциздер арқылы бюджет пайдасына алу қажет деп санаймын. Үкімет тиісті есептеулер жүргізуі керек. Бұл ретте бағаның өсуіне жол бермеу қажет.
Бюджет кірістерін арттырудың айтарлықтай əлеуеті кеденде тəртіп орнатумен байланысты. Əсіресе, Қытаймен шекарада.
Онда болып жатқан нағыз былықтар бəріне мəлім. Машиналар тексерілмейді, салықтар мен баждар төленбейді. Қытайдың кеден органдарымен салыстырмалы статистикадағы сəйкессіздік миллиардтаған долларға жетеді. Қол сұғылмайтын мəртебесі бар «уəкілетті операторлар» бар. Еліміз салық түрінде ондаған миллиард теңге жоғалтып отыр. Бұлай болмайды.
Бас прокуратураға Қаржы министрлігімен, Қаржы мониторингі агенттігімен жəне басқа да мүдделі органдармен кешенді тексеру жүргізіп, кедендік шекарадағы тəртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын.
Бюджет кірістері туралы айтқанда, шығыстардың жекелеген баптарына тоқталмауға болмайды.
Үкімет мүшелері мен депутаттардың, əкімдердің еңбекақыларына тоқталайын. Өткен жылдың соңында бұл мəселе қоғамда қызу талқыланды. Негізі аталған санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан Үкімет мүшелерінің, өңірлер əкімдерінің жəне депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауға болады деп есептеймін.
Бұл Мəжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіздер бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдайсыздар деп ойлаймын. Əкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын бюджет мүмкіндіктерінің өсуіне қарай арттыруды жалғастырамыз.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан əрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, əлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін.
Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын əзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты əрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын.
Валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпейінше тұрақты экономикалық өсім мүмкін емес. Орын алған оқиғалар, төтенше жағдай режимі салдарынан ұлттық валютаға айтарлықтай алаяқтық қысым тəуекелі туындады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігіне нарықтың сыртқы жəне ішкі қатысушылары тарапынан теңгеге сенім толықтай қайта қалпына келгенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Қазақстандықтардың əл-ауқатын арттыру мақсатында жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ, əрдайым бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Бірнеше жыл бойы жоғары инфляция экономикамыздың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық жəне əлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мəселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны жəне халықтың инфляциялық күтуін тұрақтандыру керек.
Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуге тиіс. Мақсатты дəлізі – 2025 жылға қарай 3-4 пайыз. Үкімет Ұлттық банкпен жəне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді іс-шаралар əзірлеуі қажет. Ол импортқа тəуелділікті, артық делдалдықты төмендету жəне ақша-несие саясаты құралдары бойынша іс-шараларды қамтуы керек.
Қазақстанда тікелей шетел инвестициясын тарту үшін барлық жағдай жасалған. Біз қолайлы инвестициялық ахуалдың сақталғанына мүдделіміз. Мемлекет ішкі жəне шетелдік инвесторлардың сенімін қайта қалпына келтіру үшін қажетті барлық іс-шараны қабылдайтындығына сендіргім келеді. Инвесторлар алдындағы мемлекеттің барлық міндеттемесі мен кепілі толық көлемде орындалатын болады. Дəл осы кезеңде жаһандық энергетикалық жəне технологиялық өту – ESG талаптарының күшеюі жағдайында елдің тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қажет.
Келесі мəселеге жекелей назар аударғым келеді. Төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты жекелеген қаржылық-өнеркəсіптік топтардың капиталды шетелге, оның ішінде жалған мəмілелер жасау жолымен жылыстату тəуекелі артып тұр. Біз қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың есепшоттарындағы қозғалысты байқадық. Сондықтан Ұлттық банкке Қаржылық мониторинг жəне қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, нақты бақылауды қамтамасыз етуді, барлық транзакциялар мен елден қаражатты негізсіз шығарған тұлғаларды тексеруді жəне бақылауға алуды тапсырамын.
Сөзімнің экономикалық блогын түйіндей келе, бүгін біз жаңа Премьер-министрді тағайындағанымызды, оған бірқатар нақты тапсырма жүктелгенін атап өткім келеді.
Премьер-министрге үш аптаның ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспарын əзірлеуді тапсырамын. Оны ақпан айының басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында қараймыз.
Дүние жүзінде коронавирустың жаңа толқыны басталды. Қазақстанда науқастардың күрт өсуі байқалады. Күніне 2 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Пандемия басталғалы бері вирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан астам адамды құрады. Сондықтан босаңсымай, коронавируспен күресті жалғастыру маңызды. Бұл да жаңа Үкіметтің басты міндеті болуы керек.
Енді өңіраралық теңгерімсіздіктер туралы. Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағаны баршаға аян. Теңсіздік əлеуметтік жайсыздық пен миграциялық көңіл-күйге жол ашады. Соңғы оқиғалар батыс жəне оңтүстік өңірлерде халықты еңбекпен қамтудың өзекті мəселелерін көрсетті. Бұл өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал, экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан жүйелі индустрияландыру, шағын жəне орта бизнеске көмек көрсету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болмақ.
Дамудың мəдени-ағартушылық құрамдас бөлігін де ұмытпау керек. Білімді азаматтардың еліміздің түкпір-түкпірінде бəсекеге қабілеті артып, табысқа жетуге жəне лайықты өмір сүруге мүмкіндіктері молаяды. Үкіметке аталған өңірлер үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» жəне басқа бағдарламалар аясында жекелеген бағыттар əзірлеуді тапсырамын.
Əрі қарай. Жасыратыны жоқ, көбіне кей өңірді қолдау деңгейі тұрғындардың нақты сұранысына емес, нақты бір əкімнің «салмағына» байланысты. Бұл дамудағы теңгерімсіздікке жəне азаматтардың наразылығына əкеледі. Олардың көпшілігі, əсіресе, шикізаттық өңірлердің тұрғындары бюджеттік ресурстарды бөлуде өз облыстарына көбірек назар аударылғанын қалайды.
Бұл өңірлер бюджеттің доноры бола тұра, əлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген параметрі бойынша артта қалып келеді. Сондықтан тəсілдерді біртіндеп өзгерту керек. Бюджетаралық қатынастарды түбегейлі реформалаудың уақыты жетті. Үкіметке заңнамалық өзгерістер пакетін əзірлеуді тапсырамын.
Мемлекеттік басқару саласы кешенді реформалауды қажет етеді. Кадрлық əлеуеттің төмендігін, формализмді, жемқорлықты жəне кадр тұрақтамауын мойындау керек. Сондықтан халықтың мемлекеттік билік институттарына сенімі төмен.
Мемлекеттік қызметке алу талабын жетілдіру, артық талаптар мен кедергілерді жою керек. Жұмысқа қабылдау мен жоғарылатудың нақты принципі «меритократия» болуы керек. Мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандық үшін ашық болғаны жөн.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен кету процесін де жеңілдету керек. Кейбір шенеуніктер кабинетінде жылдар бойы тапжылмай отырады. Олар жас əрі перспективалы мамандардың өсуіне жол бермейді, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетеді. Ондай шенеуніктермен оңай қоштасу керек. Дегенмен, мемлекеттік басқару аппаратына келсек, шенеуніктің институционалдық жады да маңызды мəнге ие. Барлық шенеунікті бірден жастармен ауыстыра салуға болмайды. Бұл жерде мейлінше қисынды қадам қажет.
Егер 60 жастағы шенеунік өз қызметін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сараланған көзқарас болуы керек. Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті тетіктерді əзірлеп, енгізуді тапсырамын.
Мен «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына бастама жасадым. Бұл – келешегі зор жастар үшін əлеуметтік лифт. Сонымен бірге жаңаша ойлауды қалыптастырудың, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа тəсілдерді енгізудің тетігі. Бұл тəжірибе жалғасын табады.
Менің тапсырмама сəйкес өткен жылы мемлекеттік аппараттың көлемі 15 пайызға қысқартылды. Мемлекеттік аппарат реформалардың қозғалтқышы жəне орындаушысы, азаматтарға маңызды мемлекеттік қызметтер көрсетеді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік аппаратсыз мемлекеттің өзі табысты өмір сүре алмайды.
Қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметкерлердің санын оңтайлы деп санаған жөн. Жаңа Үкіметті тағайындауға қатысты барлық ұйымдастырушылық шешім қабылданғаннан кейін бұл санды орта мерзімді кезеңге бекіту қажет. Содан кейін байқаймыз. Мемлекеттік функциялардан бірте-бірте арылсақ, оларды бəсекелес ортаға көшірсек, демек мемлекеттік аппараттың көлемі де бірте-бірте азаяды.
Шенеуніктердің азаматтармен диалогының тиімділігі төмен екендігін айтып өткен жөн. Мемлекеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті, кейде қорқатын секілді. Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуға тиіс. Ал, өңір əкімдері əрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керек.
Тағы бір мəселе – бюрократияның етек жаюы.
Ол азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайды машина деген əділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бəрімізге емделу керек.
Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тəсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нəтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген жəне нақты шешімді баяулататын үдерістің бəрі жойылуы керек.
Бүгінде мемлекеттік органдар тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағдарланған. Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар əзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мəнсіз хат алмасуын қояр емес.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректерін ресми жəне қағазбен дəлелдеуді қажет етпейді деп тану керек. Олай болмаса, цифрландыруды не үшін енгізіп жатырмыз? Цифрландыру сəнді ойыншық емес қой. Ол мемлекеттік аппарат функциясын орындау тұрғысынан пайдалы болуы қажет. Жиындардың көбін онлайн форматта өткізу керек. Мемлекеттік аппаратты бюрократсыздандырудың осы жəне өзге де шаралары жеке Жарлықта көрініс табатын болады.
Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар жөніндегі агенттігінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің функционалдарында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру жəне бюрократсыздандыру шараларын іске асыру мен мониторингтеудің нақты функцияларын қарастыру қажет.
Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр.
Бұл əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақ сатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет.
Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама əзірлеуді тапсырамын. Үкіметке Əлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет.
Осы құжат аясында əлеуметтік саясатты пандемия тəуекелдері мен қордаланған проблемаларды ескере отырып бейімдеуіміз керек. Əлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс.
Жұмыссыздықты, əсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, əсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі əрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін.
Үкіметке «Жастар тəжірибесі» жəне «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың əлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есеге – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі.
Келесі. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсын-ұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі».
Сондықтан мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын əзірлеуді тапсырамын.
Жоғары білімнің қолжетімділігі де – көкейкесті мəселе. Елдің халық тығыз қоныстанған өңірлеріндегі жастарға арналған мақсатты гранттар бөлуге айрықша назар аудару қажет. Жаңа эко- номика құру үшін ЖОО-ның бəсекеге қабілетін арттыру маңызды. Таяуда Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу басталды. Жақын арада Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр.
2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда, екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн.
Жалпы, бəрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен əуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркəсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет.
Келесі. Əлеуметтік əділдік те маңызды мəселенің бірі болып қала береді. Қазақстан – Конституция бойынша əлеуметтік мемлекет. Мемлекет аз нəрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамын əлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Бізде Ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-əлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мəселелерді шешумен
айналысады.
Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені, көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кент-тер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мəдениетті қолдаймыз. Алматының сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен əскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана.
Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қор. Ол Əкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейді. Беделді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады.
Қор жеке жəне мемлекеттік көздерден қаржыландырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бəс тігу орталығынан жəне басқа монополистерден міндетті жарналар түседі.
Əлбетте, біз Қорға ірі бизнес тарапынан қомақты əрі тұрақты, атап айтамын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз.
Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар мен тіпті, халықаралық өлшемдер бойынша да бай адамдар тобы пайда болды. Енді Қазақстан халқына тиесіліні беретін жəне оған жүйелі əрі тұрақты негізде көмектесетін уақыт жетті деп есептеймін. Сондықтан Үкіметке компаниялар қатарын анықтау жəне олармен Қорға бөлінетін жыл сайынғы жарна көлемін келісу қажет болады. Сонымен қатар іс жүзінде орасан қаражатқа ие бола отырып, көлеңкеде қалып келе жатқан тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін.
Қор қоғамды ұйыстырудың тағы бір құралы болатынына, азаматтарда əлеуметтік əділдік сезімін нығайтатынына сенімдімін.
Өткен оқиғалар қоғамымыздағы өткір мəселелердің бетін жалаңаштады. Қалаларымызға, туғандарымыз бен жақындарымызға жасалған шабуыл мемлекетіміздің ең басты құндылықтарының – бейбітшілік пен тұрақтылықтың қаншалықты нəзік екенін көрсетті.
Біз мемлекет пен азаматтар, бұл біртұтас екенін айқын түсінуге тиіспіз.
Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мəселе бар.
Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында əскери борышын өтеуден қашады.
Əскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды жəне Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды.
Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия.
Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы.
Жастарымызды əскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек.
Біз – мықты халықпыз.
Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты жəне басқа да алапат қиындықты бастан өткердік.
Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз.
Жалпы, мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара қарым-қатынасты трансформациялау қажеттілігі пісіп жетілді.
Қоғамдық шарттың жаңа форматы керек.
Қазақстан саяси жаңғыру бағытын жалғастырады. Бұл менің қағидатты ұстанымым.
Саяси салада аз шаруа істелген жоқ. Менің тарапымнан саяси реформалардың төрт пакеті ұсынылды, соларды жүзеге асыру аясында 10-нан астам заң қабылданды. Бұл орайда мен өте жедел əрі сапалы жұмыстары үшін Сенат пен Мəжіліс депутаттарына аса ризамын.
Митингтер туралы шын мəнісінде жаңа заңнама іске қосылды.
Партия құру үшін тіркеу кедергілері мен олардың Парламентке өту межесі төмендетілді.
Əйелдер мен жастардың Мəжіліс пен мəслихаттарда өкілдік ету аясы кеңейді.
Парламенттік оппозиция институты енгізілді, сайлау бюллетеньдерінде «бəріне қарсымын» деген баған пайда болды.
Ел тарихында тұңғыш рет ауыл əкімдерін тікелей сайлау өтті.
Адам құқығын қорғау саласында салмақты ілгерілеулер болды. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 130 жəне 174-баптары декриминалдандырылды жəне ізгілендірілді.
Еліміз Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылды.
Құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы əрі қарайғы шаралары туралы» Жарлыққа қол қойылды.
Адам құқықтары жөніндегі уəкілетті өкіл институты жүйелі нығайтыла бастады. Өлім жазасы толығымен алынып тасталды.
Қыркүйектегі кезекті Жолдауымда азаматтық қоғаммен жəне сарапшылармен кең ауқымды жəне сындарлы диалог негізінде əзірленетін саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынамын.
Мемлекет те өзінің базалық функцияларының толыққанды жəне сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Мемлекет заңдылықтың сақталуына жəне құқықтық тəртіпке, азаматтардың қауіпсіздігі мен меншік құқықтарының қорғалуына кепілдік беріп, əлеуметтік игілікті жəне сапалы мемлекеттік қыз-мет көрсетуді қамтамасыз етуге тиіс.
Өз кезегінде бизнес пен азаматтар қоғамдық мінезқұлық нормалары мен заңнамаларының сақталуына, салықтардың əділ төленуіне жəне еңбек қатынастарындағы ашықтыққа жауапты. Осыған байланысты кезең-кезеңді өзгерістер бағдарламасын əзірлеу керек.
Үкіметке жауапты сарапшылық қоғамдастықпен жəне азаматтық қоғаммен бірлесе отырып тиісті ұсыныстар пакетін əзірлеуді тапсырамын.
Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір отырысында қаралатын болады.
Құрметті отандастар,
құрметті депутаттар!
Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде азаматтарымыздың басым көпшілігі патриоттық танытты, экстремистермен күресте бірлігін көрсетті. Халықтың ауызбірлігі, Қазақстанның тəуелсіздігі мен егемен даму идеясына деген шынайы сенімі қоғамды ұйыстыру жəне елімізді ілгерілету үшін қуатты іргетас болып саналады.
Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз.
Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!
Қадірлі отандастар!
Қиын күндер артта қалды.
Осы сəтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін!
Бəріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек.
Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет.
Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады.
Бұл шынайы жаңару кезеңі болады.
Егемен елімізді бірге өркендетейік!
Халқымыз үшін тəуелсіздік бəрінен қымбат.
Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!