Түркістан облысы мен Түркістан қаласын ағын сумен қамту бағытында тағы бір жоба қолға алынды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталған жобаны жүзеге асыру барысын қадағалау үшін Кентау қаласында жұмыс сапарымен болды. Соңғы кездері Кентау қаласындағы шахталарда жер асты суы көтеріліп, қалаға аздап қауіп төндіріп жатыр. Соның әсерінен қаланың кейбір аймақтарының жері төмен түсіп, ойық жерлер пайда болуда. Бұлай жалғаса беретін болса, апатты жағдай туындауы мүмкін.
Сол қауіптің алдын алу және ол су көздерін Түркістан мен Кентауды көгалдандыруға пайдалану мақсатында облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен тың жоба қолға алынғалы отыр. Жоба бойынша бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 4 сусорғыш орнатылып, Кентаудағы саябақта орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен арықтарға су жүргізу көзделген. Жоба жүзеге асқан жағдайда Кентау көшелерінен де су ағып өтетін болады. Нәтижесінде Кентау жасыл желегін сақтайды, әрі тұрғындарға жайлы орта қалыптасады.
Сонымен бірге артық суды «Қосқорған» су қоймасына жіберіп, одан әрі толықтыра түсу жоспарланған. Кентаудағы «Мірғалымсай» кен орнында шахталық сутөкпе мен дренаждар салынады. Қондырғылар 115-130 метр тереңдікке дейін орнатылмақ. Жобаның бірінші кезеңі сараптамашылардың оң бағасын алған. Жақында жүзеге асады деген жоспар бар.
Өмірзақ Шөкеев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, Кентау қаласының әкіміне және құрылысқа жауапты басшыларға тапсырмалар берді.
Осы күні өңір басшысы Түркістан облысы аумағындағы блок бекеттерді аралап, жұмысымен танысты. Полицейлер өңірдегі жағдайды, қоғам тыныштығын сақтау бағытындағы жұмыстарды баяндады. Облыста жағдай тұрақты, тәртіп сақшылары мен әскерилер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай кезеңінде сағат түнгі 23:00-ден таңғы 07:00 дейін азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Сондықтан барша облыс тұрғындары төтенше жағдай кезінде жеке басын растайтын және көлік құжаттарын бірге алып жүруі тиіс.