Биыл Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім сақталған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде хабарлады.
– 5 маусымда елімізде референдум өткізіліп, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Түркістан облысының дауыс беруге құқылы тұрғындарының 80,6 пайызы референдумға қатысып, өңір бұл көрсеткіш бойынша бірінші орынға шықты. Референдум қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының бастамалары мен реформалары еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 4 жыл уақыт болды. 2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд. теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд. теңгені құрады. 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге өсті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд. теңгені құрады. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 5 айда оң өсім сақталды, – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2368 жұмыс орны ашылған. Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу арқылы 246 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылған. Өңірде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі қарқынды жалғасып жатыр.
Сондай-ақ, Түркістан облысында құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд. теңге болатын.
– Жаңа облыс құрылған 4 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2022 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17,7%-ға артты. Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді, – деген Өмірзақ Шөкеев өңірді газдандыру, ауыз сумен, электрмен қамту мәселелеріне де тоқталды.
2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған. Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.
Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%). Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек аудан газға қосылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды.
2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылады.