Өткен орны: Кентау қаласы, қалалық мәслихаттың АКТ залы
Өткен уақыты: 20 маусым 2022 жыл, сағат 11:00
Қатысқандар: 56
Қолдағандар: 56, қолдамаған: 0
Отырысты жүргізген: Қалалық мәслихат хатшысы Т. Балабиев
Қатысушылар: Қала әкімінің орынбасары А.Байболова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының м.а. Ж.Жақаев, қалалық мәслихат депутаттары.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ:
Кентау қаласындағы атауы жоқ көшеге КСРО Түсті металлургиясының корифейі, даңқты кенші, өнертапқыш, қаланың Құрметті азаматы С.Мәуленқұловтың есімін беру туралы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша комиссия төрағасы Қ.Елеусізов хабарлама жасады.
Т.Балабиев:Құрметті депутаттар, құрметті көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Кентау қаласының кіре берісіндегі атауы жоқ көшеге КСРО Түсті металлургиясының корифейі, даңқты кенші, өнертапқыш, қаланың Құрметті азаматы С.Мәуленқұловтың есімін беру туралы ұсыныс хат келіп түсті.
Жоғарыдағы аталған нормативтік құқықтық актілердің және ұсыныс хаттың негізінде тұрақты комиссиялардың көпшілік тыңдауын ұйымдастырылып отыр. Аталған мәселе бойынша өз ойларыңызды білдірсеңіздер.
Сөз қала әкімінің орынбасары А.Байболоваға беріледі.
А.Байболова: Құрметті депутаттар, құрметті көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Қалалық ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы топ қаладағы атауы жоқ және өзгертуді қажет ететін, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге ұлы тарихи есімін беру, жер-су атауларына алмастыру жөнінде жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар жұмысшы топ мүшелерімен бірлесе Кентау қаласының кіре берісіндегі атауы жоқ көшеге КСРО Түсті металлургиясының корифейі, даңқты кенші, өнертапқыш, қаланың Құрметті азаматы С.Мәуленқұловтың есімін беру туралы дәлелді архивтік құжаттар дайындалып, тұрғындардың ұсынысын тыңдап халықтың пікірін ескере отырып талқыға салдық. С.Мәуленқұлов КСРО Министрлер кеңесі сыйлығының лауреаты, КСРО Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазан төңкерісі» ордені, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, I,ІІ,ІІІ-ші дәрежелі «Кенші Даңқы» төсбелгі, «Отан» ордендерінің иегері. «Ұлы Отан соғысының 50, 60, 70 жылдықтары» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Құрметті Кеншісі, Оңтүстік Қазақстан облысы және Кентау қаласының Құрметті азаматы. Көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Тұлғаның қаладан бөлек республика көлемінде сіңірген еңбегі орасан зор.
Осы орайда, ұсынысқа оң қорытынды берулеріңізді сұраймын.
Қ.Елеусізов: Құрметті депутаттар, құрметті көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Баяндамашының сөзін тыңдадық сұрақтарыңыз болмаса, бүгінгі қаралып отырған ұсыныстар бойынша өздеріңіздің ой-пікірлеріңізді білдіріп өтсеңіздер.
М.Түнтеков:Құрметті депутаттар, көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде бүгінгі ұсынылып отырған атауға өз келісімімді беремін. С.Мәуленқұловтың қаламыздың экономикалық өсіп-өркендеуі жолында атқарған еңбегі көп. Ұлы тұлғаның есімін қала көшелерінің біріне беру өте құптарлық іс.
Ия, бүгінгі ұсынылып отырған атау көңілімнен шығып отыр. С.Мәуленқұлов атамыздың есімін қаланың кіре берісіне беру өте маңызы бар, ұрпақ алдындағы атқарып жатқан үлгі істердің бірі болары анық.
Ұ.Мұсаханова:Құрметті депутаттар, көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Атау беру мәселесінде барлығымыз мұқият болуымыз қажет. Ата-бабамыздың бізге мұра етіп қалдырған жеріне келелі, құнды атауларды жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында қаламыздағы атауы жоқ, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге атау беру игі бастама деп ойлаймын. Бүгінгі ұсынысқа менде өз келісімімді беремін.
Т.Балабиев:Құрметті депутаттар, құрметті көпшілік тыңдауына қатысушылар!
Тағы басқа ұсыныс пікірлеріңіз бар ма? Ұсыныс-пікірлеріңіз болмаса тиісті қаулы қабылдауымыз қажет. Сіздерді қаулымен таныстырып өтейін. Күн тәртібіне ұсынылған мәселені тыңдап, талқылай келе комиссия отырысы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
1. Кентау қаласындағы атауы жоқ көшеге КСРО Түсті металлургиясының корифейі, даңқты кенші, өнертапқыш, қаланың Құрметті азаматы С.Мәуленқұловтың есімін беру туралы қала халқының пікірі бірауыздан мақұлдансын.
2. Көпшілік тыңдау бойынша тұрақты комиссия отырысы хаттамасының көшірмесі Кентау қаласы әкімдігіне Заңнамаға сәйкес туындайтын іс-шараларды (интернет-ресурстарында орналастыру, БАҚ-та жариялау, т.б) жүргізу үшін жолдансын.
Отырыс төрағасы: Т. Балабиев