«Turkistan» телеарнасы «Тұмар» ұлттық телевизия бәйгесінде топ жарды. «Үздік аймақтық телеарна» аталымы бойынша жеңіске жетті. «Тұмар» – ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Биыл бұл бәйге алтыншы мәрте өтіп отыр.
«Turkistan» телеарнасы – 2021 жылдың 21 наурызында қалың көрерменге жол тартты. Бұл – нәбәрі 1,5 жылдық еңбектің нәтижесі. Тәулік бойы төрткүл дүниедегі маңызды оқиғалардан хабар таратып, «Түркістан24» жаңалықтар қызметі қалтқысыз қызмет етуде. «Халық сөзі» бағдарламасы түйткілді мәселенің түйінін тарқатса, «Zoom», «Tereze», «Ашық микрофон» арызданған халықтың әр сауалын қанағаттандырып, алтын көпір орнатуда үлкен жұмыстар атқарып келеді. 1 жылдан астам уақытта телеарна 40-тан астам төл туынды мен авторлық бағдарлама жасады. Арна қызметкерлері көрерменнің жас санатын қаперінде ұстап, мақсатты аудиторияға жұмыс істей білді. Нәтижесінде медиа кеңістіктің көкжиегін кеңейту мақсатында «Жаңа толқын», «Түрленген Түркістан», «Түркістан – жүрегімде», «Шаңырақ», «Түркі тілдері», «Ясауи софрасы», «Бетпердесіз», «Тюрк мюзик», «Welcome to Turkistan», «Жан сарайы» сынды бағдарламалар көрерменге жол тартты. Күннен күнге өзіндік өнімнің үлес салмағы артып, 18 сағаттық эфир уақытының жартысына жуығын қамтуда. Бұл жаңадан ашылған арна үшін үлкен жетістік.