— Дархан Әліханұлы, өміріңіздің 18 жылын мұғалім болуға арнағаныңызға өкінбейсіз бе? Жалпы бұл таңдау Сіздің балалық арманыңыз ба еді?
— Мен негізінде IT саласын, техник-программист мамандығын таңдағанмын. Оқу бітірген соң, университет қабырғасында қаламын деп ойладым. Бірақ Хантағы ауылында орналасқан А.С.Пушкин атындағы №6 мектебіне информатика пәнінің мұғалімі қажет болып, мені сол жерге шақыртып алды. Содан ұстаздық жолдағы еңбек жолым басталды. Білімді де, білікті мамандармен қызметтес болып, тәжірибемді шыңдадым. Қазір Абай атындағы №5 жалпы орта мектебінің директоры қызметін атқарып келемін.
— Ұстаз болудың үш жақсылығы мен үш қиындығын атап бер десе, қандай жайттарды қозғар едіңіз?
— Ұстаз болудың қиындығы десе ең алдымен жауапкершілік мәселесі еске түседі. Себебі, қаншама баланың тағдыры біздің мойнымызда. Оларға дұрыс білім бере аламын ба, бере алмаймын ба деген ой мазалап тұрады. Одан кейін қандай жағдай болмасын «мұғалім кінәлі» деген ой қалыптасқан. Бала жоғалса да, төбелессе де мұғалім кінәлі. Яғни, бар жауапкершілікті мұғалімге арта салған. Жаз басталып балалар демалысқа шықса да біз оларды уайымдаймыз. Шомылу маусымы басталған уақыттан бері өзен жағалаймыз. Себебі, бала суға ағып кетсе де мұғалімді кінәлайды. Ал, жақсылығы ол — оқушылардың жетістігі, оқушылардың жақсы нәтижесі.
— Естуімізше ат баптап, тазы ұстап, бүркіт байлап, көкпар шабады екенсіз. Осы жайында әңгіме қозғасақ. Мұндай қызығушылық қайдан, қалай пайда болды?
— Мен ата-әжемнің қолында тәрбие алғанмын. Ауылда өстім. Атамның қасында көп жүрдім. Үлкен кісілердің әңгімесін, қазақтың аңыз әңгімелерін көп тыңдадым. Аңға көп шықтым. Содан болса керек, атқа мінуге қатты қызықтым. Ер жігіттің қанаты жылқы деген ұғымды ұстандым.
Ауылда 15 жылға жуық көкпар ойындары тоқтап қалған кездер болды. Тоқырау заманда халықтың ат баптауға жағдайы келмеді. Содан өзім бастамашы болып жастардың басын қосып, көкпар ұйымдастырдым. Бұл бастама жалғасын тауып, әдетке айналды десем де болады. Енді көкпар ойынына қызығатын балаларға арнап мектеп бағдарламасына қосымша сабақ енгізсем деген ойым бар. Ол жерде оқушыларға ат баптауды үйретіп, қазақтың ұлттық ойындарын түсіндіріп, ұғындырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп насихаттау басты мақсат болып отыр. Осы мәселе бойынша Кентау қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Баянғали Әбдірахманұлына кіріп ұсыныстар айттым. Ол кісі де қолдап отыр. Бұйыртса нәтижесі шығып қалады деген үміттемін. Бұл қосымша сабақ болғандықтан мектеп қабырғасында өтпейді. Өзім Хантағы ауылында жастардың көмегімен ипподром ашқан болатынмын, сол жерде үйрететін боламыз.
Жалпы бұл жобаны жүзеге асыратын болсақ пайдасы көп болар еді. Бір жағынан спорт болса, бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Оның үстіне жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға үлкен көмек. Өйткені қазірдің өзінде, сөздің шыны керек Хантағы ауылының жастары ауыл-ауыл болып қақтығысып жатады. Ал менің бір байқағаным, көкпар тартып жүрген жасөспірімдер бір-бірімен араздыққа бармай, керісінше бауырмалдық қатынаста болады.
— Көкпарға қызығушы жастар көп пе?
— Бүгінгі таңда халықтың көкпарға деген қызығушылығы жоғары деңгейде деп айтсам қателеспеймін. Хантағыдан ашылған ипподромда Наурыз тойына арнап үлкен көкпар ойынын өткіздік. Сол көкпарға өзім демеуші болып, бас жүлдеге 1 млн теңге көлемінде қаржыны жүлдеге тіктім. Халық өте көп жиналды.
— Хантағы ауылындағы қауымдастық кеңесінің мүшесі екенсіз. Мұнда қандай мәселелерді қозғап жүрсіз?
— Жалпы қауымдастық кеңестің мақсаты – ауылдағы мәселелерді ақылдаса отырып шешу. Мұнан алдын да қоғам белсендісі болдым десемде болады. Хантағыдағы Үсенбаев көшесінде бұрынғы құрылған артизан суынан шелекпен су тартып, оны университетке апарып, оның тазалығын тексертіп, ішуге жарамсыз екендігін дәлелдегенмін. Қала әкіміне қайта қайта кіріп жүріп, ауылға ауыз су алып келдік.
Кейін қауымдастыққа мүше болғаннан кейін – Хантағы ауылындағы «Қаратау» қорығының шекарасын бекіту жайына назар аудардық. Өйткені шекараны бекіту барысында қорық қызметкерлері мен ауыл тұрғындарының арасында көп келіспеушіліктер орын алды. Сол кезде ауылшаруашылық министрі Асылбек Мамытбеков мырзаға хат жазған едім. Хатқа жауап келіп, облыстық табиғатты қорғау прокуратурасынан адамдар келіп қорықтың шекарасын бекіткен болатынбыз. Осы сәттен бастап халықтың көзіне түсіп, халық өзі депутаттыққа ұсынды.
— 2016-2021 жылдар аралығында Кентау қалалық маслихатының депутаты болдыңыз. Депутаттық мандаттық жолыңызда халықтың қай мәселесін қозғап, нақты қандай істердің шешемін табуға атсалыстыңыз?
— Депутаттыққа үміткер болған кезден бастап, сайлауалды бағдарламама Хантағы ауылының өзекті мәселелерін енгізген болатынмын. Оның 90% толық орындалды деп айта аламын.
Мәселен, «Қаратау» қорығының шекарасын бекіту барысында картаны жақсы біліп қалдым. Соның арқасында Назаров көшесінің толық Түркістанның ауғында екендігін байқадым. Ол кездерде қазіргідей GPS сияқты бағдарламалар жоқ. Халық Назаров көшесі дейді, бірақ оның Түркістанның ауғына кіріп кеткендігінен хабардар емес. Содан осы мәселені өз бағдарламама ендірдім. Жер Кодексіне біраз өзгерістер енген кезде, осы көшенің тұрғындары жерлерін қайта рәсімдеу барысында мемлекеттік АКТ-і ала алмай, қиындықтарға тап болды. Мәселені сессияда қарауға қайта-қайта енгізіп, сенаторлар келген кезде де айтып жүріп, Назаров көшесін Хантағы ауылының меншігіне алып бердім. Оның жалғасы ретінде Ащысай, Қарнақ ауылдарының ортақ жайылым жерлерін де көтердім. Сметалық жобалау жұмыстарына ақша бөлдіріп, Түркістаннан Кентауға жер беру мәселесін ұсыныс ретінде Үкіметке өткіздім. Біріншісінде қолдау таппаған болатын. Кейін қайтадан енгіздік. Бүгінгі таңда бұл мәселе Үкіметтің қарауында жатыр және оң нәтижесін береді деп ойлаймын.
Келесі бір мәселе №5 және №6 мектептердің спорт залдарын заманауи бағытта салу болатын. Кезінде бұл екі мектептің де спорт залдары асарлатып салынғандықтан стандартқа мүлдем сай емес еді. Ал, бұл мектептерден әлем чемпиондары шыққан. Осы мәселені бірнеше жерде қайта-қайта қозғап жүріп мемлекеттен қаржы бөлдіруге ықпал еттім. Аталған мәселе үшін қаншама адаммен сөзге де келдік, алауыз да болдық. Кейін қаржы бөлінгесін біткен іске ие болатындар көбейіп кетті. Бірақ мен бұл екі мектептің спорт залдарын жаңаша форматта салуға мұрындық болғанмын деп нақты айта аламын.
— Қос спорт залдың құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?
— Негізі белгіленген мерзім өтіп кетті. Қаржы мәселесінің кешігіп келуі салдарынан жаздың соңында бітеді деп жоспарлап отырмыз. Бүгіннің өзінде 95% құрылыс жұмыстары аяқталды.
Бұл жобалардың сметалық құжаттары 2018 жылы жасалған. Ол кезде құрылыс материалдары арзан болатын. Ал қаржы бюджеттен 2021 жылы бөлінді. Әлемдегі соңғы жағдайларға байланысты материалдар қымбаттап кетті. Дегенмен, басталған іс аяғына дейін жетеді. Тағы бір айта кетер жайт, мұндай жобадағы спорт залдар қаланың басқа мектептерінде жоқ деп айта аламын.
— Өзіңіз басшылық жасап отырған білім ошағындағы ҰБТ көрсеткіштері қалай болып жатыр? Осы жайында кеңінен тарқата айтсаңыз.
— ҰБТ бойыныша былтыр біздің бір оқушымыз жоғары 133 баллдың иегері атанды. Бұл көрсеткіш жалпы орта мектептердің арасындағы ең алды болды деп айта аламын. Ол оқушымыз үздік аттестатқа ие болды.
Биыл екі алтын белгіге және бес үздік аттестатқа үміткерлеріміз бар. Екі алтын белгіге үміткерлеріміз облыстық басқарма атынан қорытынды аттестаттаудан үздік деген баға алып, құттықтау алды. Енді ҰБТ нәжитесін күтудеміз.
— «Алты Алаштың басы қосылса, төр – ұстаздікі» дейді. Қалай ойлайсыз, бүгінгі күні ұстаз төрінен түспеуі үшін не қажет?
— Ұстаз ең алдымен өзі өте білімді болуы керек. Ұйымдастырушылық, үйлестірушілік қабілеті болуы қажет. Бүгінде көп мұғалімдердің бойында ондай қасиеттер байқалмайды. Сондықтан да оқушылар мұғалімдерді құрметтемей жатады. Баланың қабілеттерін байқап, оны дұрыс бағытқа сала білсе, баланың да бағы жанары хақ.
— «Ұстаз шәкірттерін ұмытпайды» деген сөз бар. Сіз өз шәкірттеріңізді жазбай танисыз ба?
— Барлық шәкіттерімді толық жазбай танимын деп айта алмаймын. Менің жолымды қуып, IT саласын таңдап, сол жолда жақсы нәтижеге жетті деген шәкірттерім жоқ болып тұр. Бірақ кәсіпте жүрген шәкірттерім көп. Олардың барлығы республиканың түпкір-түпкірінде. Менің келгенімді естіп жатса, бас қосып тұратынымыз бар. Шәкірттерімнің арасында спорттық шараларға демеуші болып тұратындары да бар. Одан бөлек мектептегі аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек беріп тұрады.
— Дархан Әліханұлы, 18 жылдық ұстаздық ғұмырыңызда не түйдіңіз? Мұғалімдік жолды таңдаған өскелең ұрпаққа не айтар едіңіз?
— Менің түйгенім жауапкершілік және тәрбие мәселесі. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөз расында өте дөп айтылған. Сондықтан бала тәрибесіне көп көңіл бөлінуі қажет. Баламен жұмыс екі жақтың да тарапынан бірдей жүргізілуі керек. Яғни, мұғалім тарапынан да, ата-ана тарапынан да. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын дүние көп болуы керек. Ең қарапайымы — үлкенді сыйлау деген қасиетті баланың бойына құя білу. Ал мұғалімдікті таңдаған жандарға айтарым, мұғалім болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл қадамға келерден алдын саралап, жан-жақты ойлану қажет.
— Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлжан Серік